COVID-19

"Бетпердесіз Швеция". Карантин енгізілмеген елдегі отандастарымыз не дейді?

Дерт жұқтырғандар саны – 76 492, қайтыс болғандар – 5 572

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл тек бүгінгі көрсеткіш. Иә, әлем коронавируспен күресіп, індетке қарсы вакцина таппай жанталасып жатқанда бұл мемлекеттің билігі де, халқы да жайбарақат. Оқушысы мектепте білім алып, үлкені жұмысқа емін-еркін шығып, қызу тіршілік жалғасып жатыр. Жоғарыдағы көрсеткіш дәл осы «батыл» елге тән.


Алматылық жас отбасы Қанат пен Дана биылғы жылдың 14 наурызында жұмыс бабымен Швецияға көшті. Ал 15 наурызда швед билігі Еуроодақтан өзге мемлекеттерге шекараны жапқан. Жас отбасы бір жағынан үлгеріп барғандарына қуанса, екінші жағынан әлем жаппай карантин енгізіп жатқанда көшіп кеткендеріне қынжылған-ды. Алайда Швеция ешқандай қатаң шаралар енгізбеген, бәрі бұрынғыша жалғасқан. Айта кетейік, 13-наурызда елімізде «наконец-то» алғашқы вирус жұқтырған адам тіркелген еді. 16-наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілді. Ал қатаң карантин шаралары енгізілмеген Швецияның бүгінгі ахуалы қандай? Швед халқы вирусты қалай қабылдады? Қанат пен Дана айтып берді.

«15 наурыз Швеция астанасы Стокгольмнің әуежайына қондық. Қазақстандағы әдетімізді сақтап бетпердемізді тағып алдық. Температура тексеру сынды түрлі шаралар болады деп күттік. Бірақ ондай ештеңе болмады, тіпті бізден басқа ешкім бетперде кимеген. Қайта әуежайдағылар бізге ауру адамға қарағандай тесіле қарады. Кейін білгеніміздей, елде тек қандай да бір вирус жұқтырғандар ғана өзгелеріне таратпас үшін бетперде киеді екен», - деп есіне түсірді Дана.

Қанат пен Дананың Швецияда болғандарына бүгінде 5 айға таяп қалған. Алайда «коронавирус» деп дүрлігіп жатқан бір адамды байқамағандарын айтады.

«Қалада ешкім үйде отырып оқшауланбайды. Адамдар көшеде серуендеп, мейрамханаларда еркін тамақтанады, балалар ойын алаңдарында ойнап жүреді. Кәдімгі қызып тұрған тіршілік», - дейді Дана. Мұның себебін әр адамның жауапкершілікті жете түсінуінде дейді.

11 наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас қайтыс болды. Билік не істеді?


-«Арақашықтықты сақтаңдар!» деген тақтайшаларды қаланың әр бұрышына қойып қойды;

-Сол күні-ақ 500 адамнан артық мерекелік шараларды өткізуге тыйым салған, ал 29-ы 50 адамға қысқарды;

-Қолды жиі жуып, дене қызуы көтерілген жағдайда оқшаулану туралы жарнамалар да қоғамдық орындарда толып тұр.

-10-сыныптан бастап жоғары сынып оқушылары мен студенттер қашықтан оқуға көшті.

Ең бастысы, Швеция билігі халыққа сенеді. Ел азаматтарына кішкентай бала секілді емес, ересектерге қарағандай қарайды. Тыйым салып, жазалап, айыппұл салу арқылы мақсатқа қол жеткізе алмаймыз деп ойлайды.  

Сыртқы істер министрі Эн Линда бір сұхбатында «халықты төрт қабырғаға қамап қойғаннан вирус кетіп қалады дегенге сенбейміз» деді. Ал Швецияның бас эпидимиологі вирустың халық арасында тарауына жол беру керектігін мәлімдеді. Яғни халықтың иммунитеті вируспен күресуді үйренуі тиіс.

Қанат пен Дананың 1 жастан асқан Әли атты ұлдары бар. Ерлі-зайыпты күзде Әлиді балабақшаға беруді ойластырып жүр. Балабақша да ерекше тәртіп жүйесі қарастырылған екен.

«Онда әр үш балаға бір тәрбиеші тағайындап қойған. Аулада балалардың бәрі бірге емес, үш-үштен бөлініп серуендейді. Тамақтанғанда да солай, әр үстелге үш баладан отырады. Әрі балаларды қолдарын жиі жуып, жеке гигиенаны сақтауға қатаң үйретеді. Мұндай тәртіптің болуы бізге ұнады», - дейді Дана.

Айта кетейік, пандемияға байланысты Швецияда 1-9 сынып аралығындағы оқушылар мектепте, ал жоғары сынып оқушылары пен студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшкен. Айтқанымыздай, балабақша да жұмыс істеп тұр. Швед билігі ойын баласының төрт қабырғада қамалып отырғанын дұрыс емес деп санайды. Әрі мектепті жапқан жағдайда талай ата-ананың жұмыссыз үйде баламен отырып қалатынын да ескерген екен.

Әрине, карантин енгізілмеген соң ешбір жұмыс орны тоқтап қалған жоқ. Жұмыс жүріп жатқандықтан ел экономикасына да айтарлықтай зиян тие қойған жоқ. Тек жұмыскерлерге таңдау еркі беріледі. Яғни, вирустан сақтану үшін үйде отырып та жұмыс істеуге болады. Trading solutions (Швециядағы ремаркетинг бойынша жетекші компания) компаниясында бағдарламалаушы болып істейтін Қанат көбіне үйде отырады, кей кездері барып та келеді. Айтуынша, әр адам өзі үшін сақтық шараларын орындап жүреді.

«Кеңсемізде антибактериалды сабындар да, антисептиктер де бар. Бірақ оларды жиі пайдалану керектігін құлағымызға сіңіріп отырмайды. Әр жұмыскер өзі үшін әрі отбасы мүшелері үшін дизинфекцияланып жүреді. Бұл елдің бір ерекшелігі сол», - деді Қанат. Қанат жұмысқа велосипедпен барады екен.

Тағы бір қызығы Стокгольмде автотұрақтар мен қалаға кіру ақылы. Алайда пандемияға байланысты қазір тегін екен. Мұндағы мақсат, адамдардың өз көліктерімен қатынауы арқылы вирус жұқтыру қаупін сейілту.

Мемлекеттің тағы бір ерекшелігі халқы спортқа бейім. «Euromag» зерттеу агенттігінің 2014 жылғы мәлімдемесінде Швеция Еуропадағы ең спортшы мемлекет саналған. Шведтер өзге еуропалықтарға қарағанда белсенді әрі физикалық тұрғыдан әлдеқайда жоғары болып шықты.

Бұл көрсеткіштің бүгін де сақталғанына жас отбасы сенімді. Себебі «саябақ болсын, жағалау болсын спортпен айналысып жүрген халықты көресің» дейді Дана. Әр жетінші швед спортпен шұғылданады екен. Тіпті өмір сүрудің бір бөлшегіне айналған іспетті. Сол себепті халқы өз иммунитеттеріне сенеді.

Бүгінде Қанат пен Дана кішкентай балаларын алып ел астанасын аралап жүр. Алдағы күндері өзге де қалаларға саяхаттауды жоспарлап отыр. Денсаулықтары да тәуір көрінеді. Тіпті, кішігірім тұмау тигізіп алған жағдайда дәрі тапшылығы деген елде жоқ. Кез келген дәріге қол жеткізуге болады.

«Ең бастысы, дүрлікпей, дистанцияны сақтап, жиі дизинфекцияланып жүру керек. Автобус, метроларда да адамдар бір-бірінен алшақ отырады, араласпайды», - дейді олар.

Әрине, Еуропа халқы мен қазақтардың менталитетін салыстыруға да келмейді. Елімізде вирус жұқтырғандар саны күннен күнге артып жатса да той тойлап, құдалық өткізіп жатқандар бар. Қонақшыл, тойшыл ұлттың қолынан бар келетіні, әзірге, үйіне қонақ шақырмай, өзі де шақырған жерге бармай, той-томалақтан бойын алшақ ұстау. Бұл туыстық қарым-қатынасты үзбейді, керісінше жақыныңызды ойлағаныңыздың белгісі.

Ал біз Швециядағы отандастарымызға тек саулық тілеп қойдық.