Шымкент
Әлеуметтік көмек
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов карантин шараларын ескере отырып, қала тұрғындарының жеке сұрақтары бойынша онлайн қабылдау өткізді.
Қашықтықтан өткен қабылдауда шаһар тұрғындары тұрғын үй, коммуналдық сала мен әлеуметтік төлем алу және инфроқұрылым, медициналық көмек пен шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселесін көтерді. Жиырмаға жуық қала тұрғындарының өтініштерін тыңдаған Мұрат Әйтенов айтылған мәселелер қолданыстағы заң аясында қаралып, осының негізінде көмек көрсетілетінін алға тартты. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік көмектерді алу тәртібі мен кәсіпкерлікті қолдау бойынша жүргізіліп жатқан бағдарламалар туралы түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, қала басшысы карантин шараларын қатаң сақтауды айтып, ертең, жалпықалалық дезинфекциялау шарасын өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, қала әкімі карантин басталғаннан бері азаматтарды қабылдауды тоқтатқан болатын. Бүгіннен бастап тұрғындарды қабылдау онлайн-форматқа ауыстырылды. Енді әр жұма күні өтетін онлайн қабылдауға төменде көрсетілген сілтеме арқылы кіріп тіркеле аласыз.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі