Саясат

Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

Тоқаев үндеу жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқын Құрбан айт мейрамымен құттықтады.

"Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше", - деді президент өз құттықтауында.

Тоқаев тарихымызбен тамырлас, танымымызбен өзектес Құрбан айт Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейтінін атап өтті. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады.

Президент жалпы адамзатқа ауыр салмақ салып отырған қауіпті індетті жеңіп шығу үшін тас-түйін ауызбіршілік пен темірдей тәртіп қажет екенін баса айтты.

"Қазіргідей күрделі кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, барымызды бөлісіп, жұртымыздың аман-саулығын ойлап, жауапкершілік танытуымыз аса маңызды. Тілегіміз бір, ниетіміз ортақ болса, мақсатымызға жетеміз. Бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын бұл мерекенің мән-мағынасы да осында екенін баса айтқым келеді", - деді мемлекет басшысы.

Ол рухы асқақ ел ретінде барлық сынақты еңсеретінімізге сенетінін білдіріп, әр шаңыраққа құт-береке тіледі.

31 шілде, қасиетті жұмада барша мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт басталды. Мереке үш күнге жалғасады.

Карантинге байланысты Қазақстан тарихында алғаш рет мешіттерде айт намазы оқылған жоқ.

sputniknews.kz