Саясат

Министрлік мәлімдемесі: Тікұшақтар Шымкентті неге айналып ұшып жүр?

Министрлік тікұшақтардың Шымкентті неге айналып жүргенін түсіндірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент тұрғындары әуеде ұшып жүрген әскери тікұшақтарды талқылап жатыр. Арасында бұл тікұшақтардың қала шекарасы бойымен не мақсатпен айналып жүргеніне болжам жасағандар да бар. Ал қорғаныс министрлігі бұдан еш қорқудың қажеті жоқ екенін, мұның тек жоспарлы ұшу екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Бұл жоспарлы түрде өткізілетін ұшу жаттығулары. Олар өткен түнде қараңғы түскен уақытта өтті. Қазір күндізгі тапсырмалар пысықталып жатыр. Дүрбелеңге салынуға ешқандай себеп жоқ", - деп хабарлады Қазақстанның қорғаныс ведомствосы.

Бұған дейін Алматы және Жамбыл облыстарында әскери бөлімдерде кенеттен тексеру жүргізілгені хабарланған болатын.

Қапшағай мен Алматыдағы десанттық-шабуыл бригадалары мен Отардағы артиллериялық және танк бригадаларының жауынгерлік әзірлігін тексеру үшін дабыл соғылды. Оған жеке құрамнан басқа 200-ден астам танк, жаяу әскердің жауынгерлік машинасы және брондалған әскери көлік, онға жуық ұшақ, тікұшақ және ұшқышсыз ұшу аппараты, үш зениттік-зымырандық дивизион, оннан астам радиолокациялық бөлімше қатысты.

Бұл қоғамда тараған алғашқы қауесет емес

Шілденің басында әлеуметтік желіде авиацияның көмегімен елді мекендердің үстінен биохимиялық дәрі шашылып жатқаны туралы хабарлама тарай бастады.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, оны  елдегі жағдайды тұрақсыздандыру әрекеті деп бағалады.

ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев жалған хабарламаларға қатысты түсініктеме бере отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 274-бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы хабарлады.