Әлем жаңалықтары
АҚШ Ресейге онлайн пропаганда мен жалғат ақпарат тарату бойынша айып тақты
Мемлекеттік департаменттің 5 тамыз күні жарияланған баяндамасында Ресейдің жалған түсінік пен конспирологиялық теорияларды өрбіту үшін "бес негізгі тіректі" пайдаланатыны айтылған.
"Ресей көптеген тақырып бойынша жалған ақпарат пен пропаганданы әзірлеуде және таратуда маңызды рөл атқарып отыр" дейді Мемлекеттік департаменттің Ғаламдық өзара әрекеттесу орталығын басқаратын Леа Габриэль.
Баяндамада Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлауы кезінде жалған ақпарат таратқаны туралы немесе Ресейдің қарашада болатын кезекті президент сайлауының науқанына араласу-араласпауы туралы ешнәрсе жазылмаған. Ғаламдық өзара әрекеттесу орталығының сараптау құзыретіне тек АҚШ территориясынан тыс пропаганда кіреді.
Баяндама Кремльдің коронавирус пандемиясы жөнінде жалған ақпарат таратудың жаңа талпыныстарына тоқталған.
"Экожүйе бес тіректен тұрады: ресми мемлекеттік коммуникация, мемлекет қаржыландыратын ғаламдық ақпарат тарату, прокси дереккөздерді дамыту, әлеуметтік желіні қару ретінде пайдалану және кибер-дезинформация" делінген баяндамада.
"Кремль ақпаратты қару ретінде пайдаланудың бір бөлігі саналатын осы амалдар мен платформаларды дамытқаны үшін жауапты" дейді баяндама авторлары.
Баяндамада негізінен Ресей пропагандасын тарататын прокси сайттарына (түпкі сайттың шынайы IP мекенжайын жасыратын аралық сервер – ред.) көңіл бөлінеді.
Аталмыш прокси сайттардың мысалы ретінде Strategic Culture Foundation сайты келтіреді. Баяндама бұл онлайн журналды Ресей сыртқы барлау қызметі басқарады дейді. Авторлардың жазуынша, журнал конспирологиялық теорияларға жақын адамдардың анти-АҚШ және анти-Батыс сипатындағы үнін зорайтуға ықпал етеді.
Баяндама авторлары "жалған академиялық" басылым деп сипаттаған New Eastern Outlook Таяу Шығыс, Азия және Африка жөніндегі пропаганданы таратуға жұмыс істейтіні жазылған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің зерттеуінше, Ресей пропагандасын таратып отырған ең ірі прокси сайт – Канадада тіркелген Global Research сайты.
Баяндамада бұл сайттың коронавирус пандемиясын АҚШ ұйымдастырды деген конспирологиялық теорияны күшейтіп отырғаны жазылған. Сайтта жариялаған бір мақаланы 70-тен астам сайт пен басылым көшірген.
Ресейдің АҚШ-тағы елшілігі баяндама Ресей мен АҚШ қарым-қатынасын қиындатуды көздейді және ақпараттың балама көздерін терістейді деп мәлімдеді.
"АҚШ мемлекеттік департаменті ақпараттық балама көздерінің болғанын қаламайды. Оларды терістеу үшін үлкен күш салынып отыр. Вашингтонға қайшы келетін кез келген үнге Кремль мен Ресей барлау қызметіне жұмыс істейтін "жалған ақпарат" деген атақ таңылады" делінген елшіліктің Facebook желісінде жарияланған мәлімдемесінде.
Азаттық радиосы