Әлем жаңалықтары
Трамп Tik-Tok-пен әлі күресіп жүр
Америкалық арнайы қызмет өкілдерінің сөзінше, TikTok мобильді қосымшасы ел азаматтарының жеке мәліметтерін жинауға қолданылуы мүмкін. Трамп сол арқылы АҚШ-тың үкіметтік құрылым қызметкерлерінің жүріп-тұруы бақыланып, тыңшылық әрекеттер орын алуынан қауіптенеді.
Трамп сонымен қатар TikTok арқылы жалған ақпарат таралады, ұйғыр халқы немесе Гонконгтағы қарсылық секілді Қытайға тиімді емес жазбаларға цензура қойылады деп мәлімдеді.
Қазірдің өзінде елдің ішкі қауіпсіздік министрлігі, көліктік қауіпсіздік әкімшілігі мен АҚШ әскерінің қызметтік телефондарына TikTok жүктеуге тыйым салынған.
«АҚШ-та Қытай компаниялары иелік ететін мобильді қосымшалардың таралуы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне, сыртқы саясаты мен экономикасына қатер төндіреді. Қазір TikTok-тан келетін қауіпті жоюға әрекет жасау керек», - деді АҚШ президенті.
Трамп бұдан бөлек қытайлық Tencent компаниясына тиесілі WeChat қосымшасына қарсы да осыған ұқсас шаралар қабылдаған.
TikTok басшылығы Трамптың айыптауларының бәрін жоққа шығарып, АҚШ нарығынан кетпейтіндіктерін бірнеше рет айтты.
Ал америкалық Microsoft компаниясы ByteDance компаниясынан TikTok-ты сатып алуға келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. Трамп бұл шешімді АҚШ қазынасына оның құнының біраз бөлігі түссе ғана қолдаймын деп отыр. Әйтпегенде, 15 қыркүйектен бастап АҚШ-та TikTok-ты қолдануға толық тыйым салынуы мүмкін.
Көбіне жасөспірімдер арасында танымал қосымшаның 150 елде 1 миллиардқа жуық қолданушысы бар. Оның 80 миллионы АҚШ-та. Онда адамдар фонограммамен ән салып, билеп, оны 15 секундтық видеоролик ретінде жариялайды.
Айта кетейік, TikTok-қа бұған дейін Үндістан билігі шектеу қойған. Австралия да тыйым салу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Азаттық рухы