Bugin
Бейруттың бүгіні
Бейрут портының директоры Хасан Корейтем сейсенбіге қараған түні болған және 137 адамның өмірін жалмаған порттағы жарылысқа қатысты тергеудің бірінші кезеңінде ұсталған 16 адамның арасында болды, деп прокуратурадағы дереккөздерге сілтеме жасап, Ливан LBC телеарнасы хабарлады.
Корейтем бұрыннан бері, портта жарылғыш заттардың сақталғанын білетін, бірақ олардың соншалықты қауіпті екенін ескермегенін айтты. Ол сонымен қатар, порт қызметі 2014 жылдан бастап бірнеше рет әділет органдарына қауіпті жүктердің бар екендігі туралы хабарлағанын, бірақ олармен қалай жұмыс істеу керектігі туралы жауап та алмағанын атап өтті.
Телеарнаның хабарлауынша, Хасан Корейтем ұсталған 16 күдіктінің арасында және оған елден тыс жерлерге шығуға тыйым салу туралы бұйрық шыққан.
Бұған дейін Ливан әскери сотының өкілі Фади Акики Бейрут портында жарылыс болған жағдайда 18-ден астам адамды жауапқа тартқаннан кейін 16 адамның қамауға алынғанын хабарлаған еді.
Еске сала кетейік, жергілікті биліктің хабарлауынша, жарылысқа кеденде 2014 жылы тәркіленген 2750 тонна аммиак нитратының жарылуы себеп болған.
Соңғы мәліметтер бойынша, жарылыс 137 адамның өмірін қиды. 5 мыңға жуық адам жарақат алды. Ливан елінде аза тұту күні жарияланды. Бейрут қаласы апат аймағы деп танылды, екі апта бойы қалада төтенше жағдай енгізілді.