Weekend

Алаш қайраткерлерінің тіл туралы айтқан кестелі ойлары

Алаштың азаматтары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тіл – адамзаттың ең үлкен жетістігі. Бір-бірімен қарым-қатынас жасау үшін ғана емес, бойларына сіңірген өз тілдері арқылы тарихын, мәдениетін тануға ұмтылады. Ал біздің Алаш қайраткерлері не дейді?

Ахмет Байтұрсынұлы:

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.

Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

Ғұмар Қараш:

Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп...соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.

Жалпы өнер білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім өнерді таратуға мүмкін емес.

Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз. Тіл айна, оның ішіне бүтін халықтың тұрмысы түсіп тұрады.

Халел Досмұхамедұлы:

Мәдениетіміздің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады.

Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.

Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады. 

Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі қор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек.

Міржақып Дулатұлы:

Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз... Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық... Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр... Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл – құралы» екенін ұмытпасқа керек.

Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшілігін құрту керек. Оны құрту үшін әуелі бел кемшіліктің қандай екенін білу керек.