Әлем жаңалықтары

Украина шерушілерді қолдады, Тоқаев Лукашенконы құттықтады

Лукашенко осымен алтыншы мәрте президент болып қайта сайланды.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Беларусь президенті Александр Лукашенко жексенбіде өткен сайлау дауыс беру нәтижесінде 80,23% дауыс жинаған. Ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 9,90% жинапты. Бұл Беларусь Орталық сайлау комиссиясының көрсеткіші. Бірақ оппозиция мен халық сенбейді. Таныс жағдай...

2015 жылы өткен сайлаудағы көрсеткіш те осыған ұқсас екен. Лукашенко 84,23%-бен ел президенті болған.

Беларус ОСК басшысы Лидия Ермошина бұл жолғы сайлаудағы көрсеткіштің де өзгеріссіз қалатынына сенімді еді.

Беларусь еліндегі президент сайлауының Астана уақытымен 12:00-дегі нәтижесі

Алайда Тихановскаяның сайлау штабы бұл нәтижемен мүлдем келіспейді. Тіпті ақылға қонымсыз деп санайды. Үміткердің баспасөз хатшысы Анна Красулина журналистерге берген сұхбатында нәтиженің шындыққа жанаспайтынын айтты.

Наразылық пен нәтиже

Лукашенконың билігіне қарсы халық Минск және елдің өзге де қалаларында митингіге шығып, ашық наразылық білдірді. Ел астанасындағы негізгі магистральдар жабылып, арнайы техникалар тартылды.

Полиция шерушілерге қарсы гранаталар, көз ашытатын газдар, резеңке оқтар мен су зеңбіректерін пайдаланды. Әскери көліктер тартылды. Халық арасында жараланғандар да жоқ емес. Бұған берілер халық та жоқ еді. Тәртіп сақшыларына қарсы тұруға олардың ашу-ызасы жеткілікті болғандай. «Қалқандарыңызды шешіңіздер!» деп айқайға салғандардың қарасы көп болды.

«Көктем» («Весна») құқыққорғау орталығының мәліметінше, сайлау күні Беларусияда 120-ға жуық адам ұсталған. Оның 61-і Минскіден, ал 79 адам өзге аймақтардан.

Беларусь тергеу комитеті елде тәртіпсіздік орнатып, милицияға қарсы күш қоданған шерушілердің жазаланатынын мәлімдеді. Комитет басшысы Иван Носкевич аталмыш әрекетке барған адамның жазасы 8 немесе 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру екенін ескертті. Ал тәртіп сақшыларының халыққа қарсы күш көрсетуден өзге амалы қалмапты.

Сайлау қалай өтті?

Сайлау учаскелері жергілікті уақытпен сағат 20:00-де жабылуы тиіс болған. Бірақ дауыс бергісі келген азаматтардың қарасы көп болғандықтан уақыт бірнеше сағатқа созылған еді. Тіпті кейбірін тарқатып та жіберген.

Халықтың мұндай белсенділігі Тихановскаяға майдай жақты. Жергілікті Tut.by порталы бас үміткердің сайлау барысындағы сөзін келтіріпті.

«Сайлау кампаниясы беларустарды қолдауда алдына жан салмады. Шеруге шыққандардың санында шек жоқ. Бұрын-соңды елімізде болмаған тарихи күн бұл», - деді Тихановская. Оппозициядан шыққан басты үміткер, нәтиже көрсеткішіне қарамастан халықтың жеңіске жеткенін түсіндірді.

«Меніңше, біз жеңіске жеттік. Себебі біз ең алдымен өз-өзімізді жеңдік, немқұрайлылықты жеңдік. Бұл өзге жеңістерден әлдеқайда маңызды», - деген сөзі арқылы халықтың биліктен қашан да жоғары екенін көрсетті.

Сайлау күні шерушілерден өзге журналистер де полиция қақпанына ілінді. Кей шетелдік корреспонденттер Беларус Сыртқы істер министрлігінен аккредитация ала алмады.

Украина шерушілерді қолдады

Украина депутаттары Лукашенкоға қарсы шыққан Беларусь азаматтарын қолдады.

«Біз, Украинаның халықтық депутаттары. Беларустағы президент сайлауын бақылап отырмыз әрі алаңдап жатқан көңілімізді де жасырмаймыз. Мемлекеттеріміздің жақындығын ескере келе, беларус халқына өз президентін сайлау үшін еркіндік берілуін дұрыс деп санаймыз», - деді фракция төрайымы Евгения Кравучук өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Александр Лукашенконы Беларусь Президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады.

«Саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халық Сіздің Беларусь мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға негізделген стратегиялық бағытыңызды қолдайтынын көрсетті», – делінген жеделхатта.

Лукашенконы Ресей және Қытай президенттері де құттықтап, Телеграмда жеделхат жолдапты.

Айта кетейік, Лукашенко осымен алтыншы мәрте президент болып қайта сайланды.