COVID-19
Министр вирустың таралу көрсеткішіне қатысты жағдайды баяндады
Министрдің айтуынша, бүгінде коронавирустың репродуктуктивті өсімі, яғни, вирустың бір адамнан таралу көрсеткіші төмендеп келеді. Мәселен, қатаң карантинге дейін оның деңгейі 1,15 болса, бүгінде 0,82-ге дейін түсіп отыр.
"Эпидемиологиялық тұрғыда осы көрсеткіш 1-ден төмен болуы керек. 11 тамыздағы жағдай бойынша Түркістан облысынан басқа барлық аймақтарда репродуктивті өсім 1-ден төмен. Бұл карантиннің тиімділігін дәлелдеп отыр", - деді Цой үкіметтің онлайн отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, бес аптаның ішінде 100 мың адамға шаққанда науқастардың саны да төмендеді.
"Негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдетуге болатынын көрсетіп отыр. Карантинді жеңілдеткенде бетперде тағу және қоғамдық жерлерде гигиена режимі қатаң сақталуы шарт. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізе беру керек", - деп атап көрсетті Цой.
Сондай-ақ министр карантинді жеңілдетуге қатысты ұсыныстардың ведомстоваралық комиссияның алдағы отырсына енгізілетінін жеткізді.
100 мың науқастың 25 мыңы ауруханада ем алып жатыр
Министрдің айтуынша, бүгінгі есеп бойынша елімізде коронавирус жұқтырған адамдардың саны 100 164-ке жетті. Олардың ішінде 25 171 науқас ауруханада ем алып жатыр.
"Осы уақытқа дейін 73 702 пациент жазылып шықты. Коронавирустан 1 291 адам қайтыс болды", - деді Цой.
Айта кетейік, кеше республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 99 442 адам болған. Демек бір тәуліктің ішінде 722 науқас анықталды. Ал қайтыс болғандардың саны 22 адамға өсіп отыр. Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық пневмонияның статистикасын бөлек жариялап отырады.