Құқық
Халық Алғысы
Ағымдағы жылдың 23 маусымда «Біз біргеміз» онлайн-форумы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин кезеңінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп бастамашылық еткен «Adal kómek» волонтерлік жобасын іске асырғаны үшін белгілі құқық қорғаушы Айман Омарованы «Халық Алғысы» медалімен марапаттады.
Жобаның негізгі мақсаты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың әлеуметтік осал топтарына заңгерлік көмек көрсету болып табылады.
Өңірлерде жобаның кең ауқымды жұмыс істеуі үшін Агенттік тәжірибесі бар адвокаттарды, еліміздің жетекші заңгерлері мен құқықтанушыларын тартуда.
Бұл қоғамның әлеуметтік осал топтарына тегін кеңес беру үшін сарапшылық қауымдастықты біріктірген кең және ашық алаң құруға мүмкіндік берді.
Жоба барысында волонтер-заңгерлер танымал әлеуметтік желілерде 1000 онлайн-кеңес өткізіп, азаматтардан келіп түскен 11 000-ға жуық проблемалық мәселелерді шешті.
«Adal kómek» жобасы шеңберінде жиі қойылатын сұрақтарға жауап алу мақсатында Агенттіктің және оның аумақтық департаменттерінің әлеуметтік желілеріндегі ресми беттерінде түсіндіру сипатындағы 79 бейнеролик орналастырылған.
Жалпы, жоба іске қосылған сәттен бастап құқықтық ағартумен 893 000 азамат қамтылған.
Ағымдағы жылдың шілде айында Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Алматы облыстарының тұрғындары үшін А. Омарованың онлайн-консультациясын өткізу жоспарланғанын естеріңізге саламыз.