Алматы
Халық үніне құлақ асатын мемлекет
Алматы қаласының Әуезов ауданы әкімдігі "Open space", яғни, ашық алаң форматында құрылып, "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс жасай бастады. Енді тұрғындар мемлекеттік қызметті әрі өзін мазалап жүрген сауалдардың жауабын емін-еркін алады. Мұнда білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, жер қатынастары, қала құрылысы және сәулет саласының мамандары жиналған. Олар келген азаматтар кеңес беріп, мемлекеттік қызмет көрсетеді.
- Ашық алаң форматының мәні – азаматтардың мемлекеттік органдарға кіргенде өзін жайлы, емін-еркін, бос ұстауына, қысылмай-қымтырылмай отыруына жағдай жасау. Азаматтар мемлекеттік мекемеге қорықпай, ашық-жарқын енуі қажет. Мұндай технология жемқорлыққа қарсы заманауи саясаттың барлық талаптарына жауап береді, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысы Нығмеджан Сапаров.
Серивті әкімдік немесе "Open space" форматы аталып кеткен бұл жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асқан мемлекет" тұжырымдамасының негізінде жасалған. Тағы да аталмыш тұжырымдаманың аясында Әуезов әкімдігінің аппараты Telegram мессенджерінде "Auezov Audany online consultant" (Онлайн қызмет көрсету) атты бот ашып, аудан тұрғындарымен тиімді коммуникация орнатуды бастаған.
Телеграм бот – бұл виртуалды кеңесші, күндіз-түні жұмыс істейді, демалысы жоқ. Ашылған боттың қызметі – аудан әкімдігі мен оның бөлімдері, міндеті мен мақсаты, құрылымы мен байланыс деректері жайлы ақпараттарды ұсыну, тұрғындармен кері байланыс орнату, әлеуметтік сауалнамаларды өткізу.
Онлайн кеңесші арқылы тұрғындар қазіргі covid-19 вирусы тудырған пандемия кезінде үйде отырып, мемлекеттік органдармен байланыс орнатуға, мазалаған сауалы мен мәселелері бойынша жауап алуға, құжаттарын жөндеуге әрі берген өтінішінің орындалу барысы, ашықтығы жайында көріп-біліп отыруға мүмкіндік алады.
Одан бөлек, келіп-түскен қоңырауды қабылдайтын, сақтайтын құрал-жабдықтармен жабдықталған "Call center" іске қосылған. Шағын автоматтандырылған телефон стансасына ұқсайды. Бұл азаматтардан келіп-түскен қоңырауларды тез қабылдауға, операторлардың кез келген жерде қызмет көрсетуіне, қажет болған жағдайда, операторлардың желісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ашық алаңда бала бұрышы да ұйымдастырылған. Ата-ана қажетті қызметін алып болғанша баласын сол жерге қалдырып, өз жұмысын бітіре алады. Мұнда Халыққа қызмет көрсету орталығы көрсететін кейбір қызметтерді де (анықтама, ЭЦП кілт, үй алуға, балабақшаға, мектепке кезекке тұруға, құжат тапсыруға, т.б.) беретін мамандар бар. Арнайы компьютер мен принтер қойылған жеке жұмыс жасау алаңы ұйымдастырылып, Wi-Fi желісі қосылған.
- Мемлекеттік мекемелердің ашықтығы – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Жақында бірнеше жобаны іске қостық. Соның бірі – "Ашық бюджет" жобасы. Мемлекеттік органдардың барлығы құжаттарын электронды форматқа салып, автоматтандырылған қызметке айналдырды. Бұл тұрмыстық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын бастама, - дейді аудан әкімдігінің мамандары.
"Сервисті әкімдік" жобасын Әуезов әкімдігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен бірігіп ұйымдастырды.