Саясат
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтанда арнайы операция өткізді
Құқық қорғаушылар Қазақстанның үш азаматы мен бір шетелдікті ұстады. Күдіктілер Ақмола облысында психотроптық заттарды өндіретін жасырын зертхана ашқан. Ал заңсыз тауарды Нұр-Сұлтан қаласында таратқан.
"Есірткі Интернет желісіндегі "Deep Web, Darknet" көлеңкелі сегментінің платформасында "закладок" деп аталатын жолмен сатылған. Тінту кезінде есірткі мен психотроптық заттар, сондай-ақ оларды жасау кезінде қолданылатын химиялық реагенттер мен құрал-жабдықтар табылды", - делінген ресми хабарламада.
Ұсталған адамдар комитеттің тергеу абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жалғасуда.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ірі зертхананы анықтаған болатын. 27 шілде күні Алматы қаласында екі ер адам ұсталды. Күдіктілер есірткі затын сатудан түскен ақшаға "Іле-Алатауы ұлттық паркі" аумағынан коттедж сатып алып, онда "мефедрон" өндіретін жасырын зертхана ашқан. Тәркіленген есірткі партиясының "қара нарықтағы" құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды.