Шығыс Қазақстан облысы
Абайша сүю
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3477 әскери бөлімінде ағымдағы жылғы 6-13 тамыз аралығында Абай апталығы өтті.
Биыл қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды - қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты», деген еді. Ал, жуырда ғана Мемлекет тарапынан 10 тамыз - еліміз бойынша Абай күні болып белгіленді.
Осыған орай Өскемен қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3477 әскери бөлімінде Абай апталығы өтті.
Санитарлық нормаларға сай өткен апталық аясында әскери бөлімнің әскери қызметшілері ұлтымыздың ұлы ақынының шығармаларынан үзінді, қара сөздерін жатқа оқып, өзара «челлендж» жариялады. Сонымен қатар поэзия сағаты, кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, тәрбие жұмыстары барысында әскери қызметшілер назарына ұлы ақын туралы фильмдер ұсынылды.
- Ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы қашанда үлгі. Апталықтың басты мақсаты - қазақстандық патриотизмді, руханилықты дамыту, кәсіби маңызды қасиеттерді және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға әзірлікті қалыптастыру, жеке құрамға Абайдың бай мұрасы қазақстандықтардың жаңа санасын қалыптастыруда және ұлтты жаңғыртуда үлгі болатынын жеткізу, жеке құрамның өз Отанына, тарихи өткеніне деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу. Абай рухын ұлықтау шаралары бұдан әрі қарайда өз жалғасын табады, - дейді 3477 әскери бөлімі командирінің міндеттерін уақытша атқарушы подполковник Рахат Калибеков.
Сондай-ақ, сақтық талаптарын қатаң сақтай отырып өткен апталық барысында әскери қызметшілер қазақтың логикалық ұлттық ойыны - тоғызқұмалақтан өзара бақ сынасты.
3477 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Руслан Булегенов жарыстың ашылу салтанатында әскери қызметшілерге ойын тарихын айтып, оларға тоғызқұмалақ ойнау дағдылары өмірде пайдалы болатынын түсіндірді.
Аталған әскери бөлімінің барлық әскери қызметшілері қатысқан жарыс қорытындысы бойынша №1 арнайы комендатураның 1 взводы 2 бөлімшесінің сарбазы (пулеметші) қатардағы жауынгер Ердәулет Қылқабаев І орын, №3 арнайы комендатураның 2 взводы 2 бөлімшесінің сарбазы (атқыш) қатардағы жауынгер Кенже Бақытбеков ІІ орын, №2 арнайы комендатураның 3 взводы 2 бөлімшесінің сарбазы (атқыш) қатардағы жауынгер Руслан Оралтаев ІІІ орынды иеленді.
Жарыстың барлық жеңімпаздары сыйлықтар және мақтау қағаздарымен марапатталды.
- Тоғызқұмалақ ойынын Абай атамыз жақсы көрген және елдің бәрін осы ойынға баулыған екен. Ойынға қатысып, жүлделі орынды иеленгеніме өте қуаныштымын. Абай күні құтты болсын, - деді жарыстың І орын иегері №1 арнайы комендатураның сарбазы (пулеметші) қатардағы жауынгер Қылқабаев Ердәулет.
3477 әскери бөлімінің бөлініс бастығы
қатардағы А. Кенесова