Жаңа ұсыныс: Бетперде тағуға қатысты айыппұл 30 есе азаяды - на bugin.kz
Bugin.kz - на bugin.kz Bugin.kz

Бетперде тағуға қатысты ұсыныс жасалды

Қазақстанда бетперде тағу режимін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін 83 мың теңгеден 2 778 теңгеге дейін азайту ұсынылып отыр. Бұл туралы кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов айтты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Қазіргі кезде мемлекеттік органдар "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасын қарастырып жатыр. Соның аясында жеке тұлғалар үшін бептерде тақпағаны үшін салынатын айыппұлды 30 айлық есептік көрсеткіштен 1 АЕК-ке (2 778 теңге) дейін төмендету ұсынылып отыр. Біз осы жұмысқа белсенді атсалысудамыз", - деп жазды Жүрсінов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлік нысандарда бетпердені тақпауға қатысты салынатын айыппұл мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпкер өз тарапынан барлық санитарлық норманы сақтап, бетперде мен қолғаптың қажетті көлемін әзірлеп қойса, қызметкерлері мен тұтынушылардың талапты бұзғаны үшін жауап бермеуі керек. Айыппұл бетперде тақпаған адамға ғана салынуы шарт.

Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидимиологиялық қызметі де мұны құптап отыр. Жүрсінов өзіне ресми жауап келгенін айтты. Оған сәйкес, кәсіпкерлік нысанда бетперде тақпаған қызметкер немесе клиент анықталса, әрбір тәртіп бұзушылық жеке-дара қарастырылады. Ал айыппұл талапты бұзған адамға салынатын болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов 5 шілдеден бастап қоғамдық орындарда маска тақпаған екі жарым мың қазақстандыққа айыппұл салынғанын хабарлаған болатын.

0 Пікір Кіру