Саясат

«Билік өз халқын танудан қалған. Осы отыз жылда халықтан алшақтап, аспандап кетті» - Айдос Сарым

Белгілі саясаттанушы Назарбаев пен Тоқаев туралы өткір шындықты айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Індетпен ілесе келген экономикалық дағдарыс аздан соң сойқанды салайын деп тұр. Бұл жайында саясаттанушы Айдос Сарым Ratel.kz порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Oinet.kz порталына сілтеме жасап.

- «Коронакризис тереңдеген сайын, тұрмыстың кетеуі кетіп, экономика күйзеліске түседі. Жұмыссыздар саны күрт артып, кедейшілік қамытын кигендердің қатары көбейеді. Қалтасы жұқарған жұрттың жүйкесі сыр береді», – дейді саясаттанушы.

Сарымның пайымдауынша, халық аты жаман аурудан қашып құтыла алмасын түсінді. Бір ауырып тұрмайынша, кеселге кесе көлденең тұра алмасына көзі жетті.

- «Билік экономикаға қатысты 30 жыл бойы қалыптасқан дағдылы көзқарасты түбегейлі өзгертуі тиіс. Бұл орайда Тоқаевтың жаңа, екінші Жолдауына қарайлау қажет. Коронавирус Қазақстан билігінің осы күнге дейін ауызды қу шөппен сүртіп келгенін әшкерелеп кетті», – дейді Сарым.  

Қазіргі президент туралы пікір білдірген саясаттанушы Тоқаев өзінен культ жасауға мұқтаж емес дейді. Оның пікірінше, Тоқаев мақтау мен мадақты суқаны сүймейтін парасатты адам. Жеке басқа табыну оның табиғатына тән емес.

- «Осы бағыттағы өзгерісті қазірден-ақ аңдауға болады. «Халық сөзіне құлақ түретін билік» қағидасы әупірімдеп іске асуда. Тоқаев екі сөзінің бірінде үнемділік туралы айтып жүр. Той-томалақтан бас тарту, дарақылықты, даңғазалықты тоқтатуды сөз орайында үнемі тілге тиек етіп отырады. Бір кездегі жайма-шуақ заман келмеске кетті», – дейді Сарым.

Ал билікті ауыр сынақ күтіп тұр. Осыған дейінгі саяси әдіс-тәсілдер кәдеге аспайды. Тоқаевқа дұрыс идеология таңдай білу керек. Ол үшін Қазақстанды жердің кіндігіне теңеп, державалармен жағаласудың жөні жоқ.

Сөй деген Айдос Сарым «Билік өз халқын танудан қалған. Осы отыз жылда халықтан алшақтап, аспандап кетті» дейді.

- «Елге сыйлы президент болу көп нәрсені керек етпейді. Тоқаев билікті тек өз қолына шоғырландырмай, тең бөліп, қоғам пікіріне құлақ түрер жүйе құрса – сол жеткілікті. Саяси реформаларды батылырақ бастап, жаңа экономикалық үлгіні соның төңірегінен өрбітсе ұтылмайды. Ашықтық керек, ашықтық. Халық соған сусап отыр. Қазақстанның саяси жүйесін мемлекеттік құрылымның астан-кестеңін шығармай-ақ өзгертуге болады», – дейді саясаттанушы.

Әлбетте, отыз жыл бойы өзгермеген жүйе кімді болмасын қажытады, шаршатады. Бұған Беларусьтегі ел наразылығы дәлел.

Саясаттанушы осы орайда Тұңғыш Президент жайлы ой өрбітіп, Назарбаев орынтағын босатпаған жағдайда не боларына болжам жасапты.

- «Назарбаев билікті Тоқаевқа табыстамай, 2020 жылғы сайлауға қатысар болса да, орынтағы шайқалмас еді. Тақта қалар еді. Билікті сақтап қалар еді. Отыз жыл емес, отыз бес жыл отырар ма еді, бәлкім. Бірақ мұндай биліктің тәуекелі тым жоғары болар еді. Назарбаевтың осы отыз жылда соңына қалдырған «мұрасы» маңызын жоғалтып, құндылығынан айырылар еді», – дейді Айдос Сарым.

Саясаттанушының айтуынша, 90-жылдары Назарбаевтың авторитарлы жолды таңдаудан өзге амалы болған жоқ. Бұл жолды бұқара да, буржуазия да бірауыздан қолдады. Сарым «билік саяси-экономикалық үлгіні елдің санасына таңып тастады» деген пікірмен келіспейді.

- «Назарбаев таңдаған жолды халық та құптады. Экс-президент татулық пен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге кепілдік етті. Нарықтық экономиканы қалыптастырды. Халықтың санасындағы кеңестік жүйенің дағдыларын жойды, капитализмді енгізді. Бұл үлгі көпке дейін жұмыс істеді. Қазақстан Орта Азияда оза шапты. Шикізат сатудан түскен аста-төк ақша алды-артымызға қарайлауға, бажайлауға мүмкіндік берген жоқ», – дейді Сарым.

Одан бері біраз уақыт өтті. Буын алмасты. Ой, орта өзгерді. Жаңа буын ескі жүйеге көңілі толмайтынын тіке айтты.

- «Ал қоғам меңіреу емес. Қоғам ояу. Санасы сергек. Көзі ашық. Бәрін көріп-біліп отыр. Әлдебір жағдайдың боларын күтіп, әліптің артын бағып отырғандай көрінеді маған. Соңғы 10 жылда қоғамның ішінде көзге көрінбесе де үлкен өзгеріс болды. Бұл өзгеріс әлі жүріп жатыр. Оның қайда апарарын, қайда апарып соқтырарын сіз бен біз білмейміз. Белгілі билік халықпен бұрынғыдай сөйлесе алмайды. Диалогтың жаңа түрін орнату керек», – дейді саясаттанушы.