Спорт
Роналдиньо қамаудан шықты
Франс Пресс агенттігінің мәліметінше, сот отырысы дүйсенбіде өткен. Роналдиньо 90 мың доллар, ал оның ағасы Роберто де Ассис Морейра 110 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуі керек.
"Әрбір 3 ай сайын футболшы мен оны ағасы Бразилия сотына барып тұруы қажет. Роналдиньо бір жыл, ағасы 2 жыл бақылауда болады. Спортшының жүріп-тұруына шектеу қойылмаған. Алайда ол тұрғылықты мекенжайын өзгертсе, оны сотқа ескертуі керек", - деп жазады басылым.
Айта кетейік, 7 наурызда Роналдиньо мен оның ағасы Парагвайда ұсталған еді. Оларға жалған паспорт жасады деген айып тағылған болатын. Осы жылдың сәуірінде сот отырысы басталып, судья Густаво Амарилья Роналдиньоны 1,6 миллион доллар кепілдікпен босатты. Осыдан бері ол ағасымен бірге Асунсьон орталығындағы қонақүйде болды.