Қоғам
Журналист пікірін білдірді
«Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырзаның назарына!
Негізі, мектептегі «Өзіңді тану» пәнінің ішін Санжар Керімбайдың «сары кітаптарындағы» дүниелермен толтыру керек... Әр сыныпқа лайықтап...
Бұл пәнге одан артық оқу бағдарламасын жасай алмайсыздар бәрібір...
Ол кітаптарды «діни» кітаптар деп, оқымастан пікір айтатындарға айтарым: ең алдымен «Әлдиден» бастап сол кітаптарды көзіңізбен емес, көңіліңізбен мұқият оқыңыз. Сосын оның «діни зиянын» дәлелдеп беріңіз.
Ол кітаптардың бәрі тек дін туралы деп ойласаңыздар, қателесесіздер.
Ол кітаптар оқу бағдарламасына еніп, балаларыңыз тақпақтарын жаттап, қиссаларынан рухтанып, «логотерапиядан» қиындықпен күрескер боп жетілмесе, маған келіңіздер.
Ол кітаптармен сусындаған бала ешқашан вахабит, салафит болмайтынына, надани ағымдарға бой алдыртпайтынына, құмар ойындарға бойсынбайтынына, нағыз ұлт перзенті, ұлтшыл азамат боп жетілетініне, өмірден адаспай өз орындарын тауып, ата-ана, туыс, отбасы, ел-жұртының қадірін білетін, бақытын бағалай алатын, өз бақытын өзі сомдап жасайтын АДАМ боларына сенімім кәміл» – деп жазған өзінің фейсбук парақшасында.
Автор бұған дейін де жоғарғы оқу орындарында «Медицина негіздері» пәнін оқыту керек деген бастама көтерген болатын.
«Бұл пәнді алғашқы курстарда оқытуды қолға алған жөн.
«Алғашқы дәрігерлік көмек» (немесе «Медицина негіздері») деген пәнді балаға мектеп жасынан үйрету керек деген ойымды тағы да қайталаймын. Мектеп оқушыларын түкке тұрғысыз пәндермен шаршатып, уақытын (өмірін) текке ұрлағанша, оларға қарапайым ғана медициналық сауаттылықты оқытқан әлдеқайда пайдалы екенін түсінген шығарсыздар? Түсінбеген болсаңыздар, мына індет бізге соны ұқтырды деп ойлаймын.
«Алғашқы көмек» - бастауыш сыныпта; «Алғашқы медициналық көмек» - орта және жоғары сыныптарда;
«Медицина негіздері» - ЖОО алғашқы курстарында оқытылуы тиіс», - деп жазған болатын.