Шымкент
Баспана бағдарламасы
2019 жылдың қараша айынан бастап Қазақстанның үш қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте 29 жасқа толмаған жастардың жеңіл жолмен баспана алу бағдарламасы іске қосылған еді. Жастарға арналған бағдарламаға сәйкес, жыл сайын жастарға 3 мың жалдамалы пәтер беріледі.
Ал Шымкент қаласында жыл сайын 1000 жалдамалы пәтер беру міндеті қойылған.
Жалдамалы пәтер кімдерге беріледі?
Аталмыш бағдарламаға Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының жұмысшы жастары қатыса алады. Пәтерлер балдық жүйе бойынша беріледі. Яғни, үміткерлердің мамандығы мен жұмыс істеу саласы, отбасылық жағдайы қалай, қанша баласы бар, қандай жетістіктерге жеткен – сол тұстары қарастырылады.
Мәселен, өтініш берген үміткер елде сұранысы жоғары 100 мамандықтың бірін игерген болса, онда оған автоматты түрде 10 балл беріледі. Отбасын құрған болса, плюс 5 балл, некеде тұрған әрбір жылға 2 балдан, бала бар болса, плюс 1 балл, әрбір балаға 2 балдан, қандай да бір салада жетістікке жеткен болса, плюс 2 балл, банкте жинаған ақшасы болса, тағы - 2 балл.
Бұдан бөлек, айта кететін тағы бір нәрсе – өтініш берушінің тұрақты жұмысы болуы тиіс. Ай сайынғы табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен жоғары (100 мың теңгеден жоғары) болғаны жөн.
Қандай құжаттар қажет?
Жалдамалы пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан берілетіндіктен, өтінішті де сол қаланың әкімдігі қабылдайды. Өтінішпен бірге келесідей құжаттарды табыстауы тиіс:
- Басында баспана не жылжымайтын мүлік жоқтығы жайында анықтама;
- Жұмыс орнынан анықтама;
- Соңғы алты айда тапқан табысын көрсететін анықтама;
- Еңбек өтілін көрсететін құжат;
- Банк есепшоты жөніндегі анықтама;
- Жетістіктерін көрсететін құжат (бар болса).
Қандай жалдамалы пәтерлер беріледі?
Жалдамалы пәтер бес жылға беріледі. Пәтердің ауданы, орташа есеппен, 40 шаршы метр. Болжам бойынша, пәтер алған жастар айына 10-12 мың теңге төлеп тұрады. Оның ішінде коммуналды төлемдер де бар.