Білім және ғылым
Мемлекет басшысы халыққа үндеу жасады
"Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күні-түні WhatsApp-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Осы орайда мемлекет басшысы дәстүрлі білім алу форматына да дайындалу қажеттігін жеткізді. Себебі сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдер мен сыныптастармен араласудың орны бөлек.
"Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыпстасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балалар қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да, сапалы білім алуы керек", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауын жариялап жатыр.