Саясат
«Сотта сөзіңді дәлелдей алмасаң, «жалақор» атанасың!» - Мұхтар Тайжан
Мұхтар Тайжан өзінің facebook парақшасында Марғұлан Сейсембайдың үстінен кезекті арыз дайындалып жатқанын айтып пост салды. Қоғам белсендісінің айтуынша, барлығына нүкте қоятын уақыт келді.
«Бизнесте де, қоғамдық қызметте де әркім өз ісі мен әрекетіне жауап беруі керек. Сәуірде сен маған және менің отбасыма қатысты жала жауып пост жаздың. Сол кезде мен сені дебатқа шақырып, өз айтқандарыңды дәлелдеуге шақырдым, бірақ сен бас тарттың.
Енді мен саған ресми сот алдында өз сөзіңді негіздеуге мүмкіндік беремін. Егер сен сотта сөзіңді дәлелдей алмасаң бұрынғы «ерліктеріңе» тағы бір жетістігің – жалақор деген атақ қосылады. Сонымен бірге 10 млн теңге айыппұл төлейсің, мен ол ақшаны қайырымдылыққа жұмсаймын», - деп жазды ол.
Мұхтар Тайжанның айтуынша, оның адвокаттары жақсылап арыз дайындап шыққан.
«Жаздың өтуін күттім, өйткені көп адам жазда күн сайын қайғылы жағдайға тап болып, жақындарынан айырылды. Қазір ел ақырындап қалыпты өмірге оралып жатыр. Сонымен бірге бүгінде мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі емеспін, сенің үйіңнің айналасындағы аңдушылар да түсініксіз себептермен жоғалып кетті. Осының барлығына нүкте қоятын уақыт келді.
Өз адвокаттарым Назкен Құсайынова мен Әнуар Байдарға алғыс айтамын, олар өте сапалы талап арыз дайындапты, мен оған жаңа қол қойдым, енді арыз Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына табысталады», - деді ол.