Әлем жаңалықтары
Шешенстан президенті ел мәдениетіне үлес қосып жүрген Айшат Қадырованы мақтан тұтады
Шешенстан президентінің 21 жастағы қызы Айшат Қадырова мәдениет министрінің бірінші орынбасары болды. Әкесінің айтуынша, бұған дейін Айшат Қадырова Firdaws сән үйін басқарған, сонымен қатар шешен әртістеріне қолдау көрсетіп, көмектесіп жүрген. Жақында ғана АҚШ-тың санкциялық тізіміне де еніп үлгеріпті.
"Мен үшін де, мәдениет саласы үшін де мұндай шешімнің қабылданғаны атақ пен абырой. Өзінің жастығына қарамастан Айшат Рамзанқызы республикамыздың шығармашылық шараларына белсенді атсалысып жүр. Би, ән, музыка, театр өнерінің өрлеуіне араласып келеді", - деп жазды мәдениет министрі Хож-Бауди Дааев инстаграмдағы парақшасына.
Сонымен қатар, министр Қадырованы орынбасары етіп тағайындауда қолдау көрсеткен Рамзан Қадыровқа да алғысын жаудырды.
Қадыровтың өзі де қызын қызметімен құттықтап, шешімнің оң болғанын телеграм-каналында жазды. Әрі Айшат Қадырованың сән әлемінде танымал екенін, жетістіктерін де атап өтті.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың ақпанында Қадырова басқаратын Firdaws сән үйі Парижде көйлектер коллекциясының көрсетілімін өткізген. Бұған дейін 21 жастағы дизайнердің презентациялары Грозный қаласында, Мәскеу мен Дубайда өтті.
Негізінде, шешен брендін қалыптастырған қыздың өзі емес, анасы Медни Қадырова.
2009 жылғы сұхбатында Айшат Рамзанқызы Firdaws сән үйін мәдениеттің бөлшегі деп атаған.
Ал президенттің қызы не істеді?
Рамзан Қадыровтің телеграм-каналындағы жазбасына сүйенсек, Айшат Рамзанқызы Шешенстан филармониясының дамуына үлкен үлес қосыпты. Мәселен, өнер жолына жаңа аяқ басқан әртістерге 21 жастағы арудың көмегі көп тиіпті. Ал наурызда "Шешенстан Республикасына тигізген еңбегі үшін" медалімен марапатталды.
"Бірінші президентіміз, Ресей батыры Ахмат-Қажы Қадыровтың немересі Айшат Рамзанқызы атасының "мәдениетсіз ұлт жоқ" деген сөздерінің бағасын жақсы түсінеді деп сенемін", - деп сөзін қорытындылады Қадыров.
Айшат Қадырова 1998 жылы Центарой ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Шешен мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түседі. Әрі сол жылы ел басшысының жақын досының ұлына үйленеді.
Ол басшылық қызметке келген отбасындағы алғашқы перзент.
20 шілдеде анасы және әпкесімен бірге Американың санкциялар тізіміне енеді. Яғни бәріне АҚШ-қа кіруге тыйым салынған.
Мұның себебін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео былай деп түсіндірді:
"Адам құқықтарының бұзылуы, оның ішінде азаптау мен соттан тыс кісі өлтіру әрекеттері үшін Қадыровқа жауапкершілік артылған".