Қоғам

Қазақ тілін үйренуге әркімнің-ақ бар таласы

Қазақ тілін тіл білмейтіндерге үйретіп жүрген, ана тіліміздің дамуына үлес қосып жүрген кімдер?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сенесіз бе?! Қазақ тілінің елдегі мәртебесі артып келеді. Қазақ тілін үйренемін деушілердің саны артып келеді. Себебі тілдің қажеттілігін сезді бүгінгі буын. Ал қазақ тілін тіл білмейтіндерге үйретіп жүрген, ана тіліміздің дамуына үлес қосып жүрген кімдер? Бүгінге соларға тоқталып өтсек...

Қазақ тілін үйретіп жүрген орыс бар

Бұл - қазақ тілін үйретуде ерекше әдіс пайдаланып QAZAQ STUDY оқу орталығын ашқан алматылық Константин Орлов. Орталықтың бір ерекшелігі - қазақ тілін үйретудің әдісін канадалық лингвистер жазған. Ал Орловты мұндай қадамға қазақ тіліне деген махаббат әкелген.

"Бастауыш сыныпты қазақ тілінде оқу бақыты бұйырды. Әрі қарай ұмытып қалмас үшін  тәжірибеде қолдануды қолға алдым. Достарыммен, дүкенге кіргенде, таксишілермен де, сатушылармен де қазақша сөйлесуге тырыстым.

Түрлі жұмыс орындарында жұмыс істеп жүріп, қазақ тілінде оқыту орталығын ашуды армандап жүретінмін. Тілге деген махаббатым осы арманымды іске асыруға көмектесті. Өзгелерін де қазақ тілін сүюге шақырғым келді», - деді Орлов.

Орталықта түрлі жастағы адамдар тіл үйрене алады. Ең бастысы ниет болса болғаны. Ерекшелігі тәжірибеге көп көңіл бөлінеді.

“Бізде оқудың 70 %-ы бір-бірімен сөйлесу, диалог құру, түсінісу, жаңа сөздер үйренуден тұрады”, - деді сұхбатында Константин Орлов.

Оқу барысы қалай өтеді?

“Біз үйге тапсырма бермейміз. Мұндайда Whatsapp желісін пайдаланамыз. Әр сабақ сайын 20-25 сөз үйренеміз. Есімізде сақтап қалу үшін Whatsapp-та аудиожазба жазамыз. Мұны не үшін істейміз? Ойнап жүрген бала немесе жұмыс істеп істеп отырған үлкен кісі болсын әлгі аудиожазбаны тыңдап, оқығанымызды есіне түсірсе екен дейміз”, - дейді оқытушы әрі бизнесмен.

Бүгінде оқу орталығынан жүздеген шәкірт қазақ тілін жетік меңгеріп шыққан. Қазақ тілінде сөйлеген өзге ұлты азаматын көрсек, қуанатын халықпыз. Алайда тілдің дамуына үлес қосып жүрген Константин Орловпен мақтануға болады.

Орыс ұлтының азаматы Константин Орлов қазақ тілін 3 айда үйретемін десе, орамалды ару Динара Еселбаева “менің курсымнан өткен жан 1 айда қазақ тілінде сайрай жөнеледі” дейді.

Оның Qazline атты онлайн курсы бар. 

“Қазіргі заманда онлайн курстарға қатысу өте тиімді. Әсіресе карантин кезінде сондай курстардың дәурені жүріп тұр. Алайда пайдалысы да, құр әурешілікпен айналысып жатқандары да жеткілікті. Алғашында бір жағынан 6 жыл бойы оқыған білімімді тәжірибеде қолдануды ойласам, екінші жағынан “елге қайтсем пайдам тиеді” деген ой болды көкейімде. Сомен білгеніммен өзгемен бөлісуді жөн санадым. Әрине, білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз. Әлі даму үстіндемін”, - деді Еселбаева Динара сұхбаты барысында.

Онлайн курсын ашу емізулі баласы бар Динараға негізінен мұқтаждықтан туған. Баламен үйде отырып та пайдалы іспен айналысуды өзінің шағын бизнесі арқылы дәлелдегісі келді.

“Уақытты тиімді пайдаланғым келді. Әрі пайдалы іске жұмсасам дедім. Ал менің қолымнан не келеді? Өз басым, бала кезден адамға бірнәрсе үйрете алсам деген мақсатпен жүрдім. Қазір қоғамда мұғалім көп, алайда балаға шынайы білім беруге талпынғандар аз. Мен шынайы әрі пайдалы білім бергім келді. Сол себепті қазақ тілін білмейтін қазақстандыққа қазақша үйретемін деп шештім. Әрі оны онлайн түрде жүзеге асыруды көздедім. Мақсатым орындалып, өзім қалаған бағытта жүзіп келемін”, - деді Динара Еселбаева.

2019 жылдың желтоқсанында басталған жоба қарқынды дамып келеді. Тіл үйренемін деп ниеттенгенгендер де көп екен. Әсіресе Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері тілдің мұқтаждығын сезе бастапты.

“Курсқа қатысуға ниет білдіретіндер күн санап артып келеді. Бәрі қазақ тілінде таза сөйлегілері келеді. Әсіресе карантин басталғалы оқушы көбейді. Команда құрылды. Әзірге командамыз кішігірім, бірақ мұнымен шектелмеймін. Шыны керек, тіл үйрету әдістемесін өзім жасап шығарамын. Нақты түсіндіруге тырысамын”, - деді Динара ханым.

Оның жетістігі - бүгінде қазақ тілінде сайрап жүрген шәкірттері. Жас та болса, бір іске, дұрысы пайдалы іске бас болып отырған Динара Еселбаеваға сәттілік тіледік.

Бұдан әрі курс оқушыларымен тілдесіп көрдік.

Мәселен QazLine оқушысы Аннаның тіл үйренуге де құштарлығы оянып, түсінікті әдіспен оқытатын оқу курсын іздеген. Сөйтіп Динараға жолығады. Айтуынша, нәтижесі өте жақсы. Бізге сұхбатты қазақ тілінде берді. Қуанып қалдық.

“Менің қазақша үйренуіме екі себеп болды. Біріншіден, қазақ тіліне деген құрметім итермеледі. Ағылшын тілінде еркін сөйлеймін, ал өзім туып өскен жердің тілін білмейтінім үшін ұялдым. Сол себепті заманауи методикамен үйрететін жақсы мұғалімді іздедім. QazLine-да оқып жатқаныма 2 ай болды. Сабақ қарқынды жүріп жатыр.

Екінші бір себебі, қызымның қазақ тілді болып өскенін қаладым. Әрине, алдымен тілді өзім меңгеруім керек. Бала сырттан оқығаннан бұрын, анасынан үйренгенін өмірде көбірек пайдаланады. Сол себепті, мен бүгін қазақ тілін үйреніп жүрмін.

Әрі қазақ тілінде сөйлемдерді құрауда өзіне тән логикасы бар. Алғашында түсініксіз көрінуі мүмкін. Бірақ тәжірибеде пайдаланған сайын жеңілдігіне көзіңіз жете бастайды, - деп жауап берді Анна ханым.

Қазақ тіліне деген қажеттіліктің артып келе жатқаны көңіл қуантады. Мұнымен тоқтамаса, бүгінгі буын қазақ тілін әлі биікке шығарады деп сенеміз. Бұған өзге ұлт азаматтары да атсалысса құба-құп.