Шығыс Қазақстан облысы
Тілге құрмет – елге құрмет
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3477 әскери бөлімінде ағымдағы жылғы 1-10 қыркүйек аралығында «Тілге құрмет – елге құрмет» акциясы өтті.
Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін атап өтуде.
Еліміздің көпұлтты болуына байланысты, бұл мерекені Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері мен ұлыстар атап өтеді. Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Қазақстанда 100-ден асатын ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Елімізде оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Мереке құрметіне орай «Тілге құрмет – елге құрмет» акциясы аясында ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 3477 әскери бөлімінде карантин шараларының талаптарын қатаң сақтай отырып бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
– Бұл ерекше айтулы күн, өйткені бұл күні қазақтың данасы, ағартушы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Мерекеге арналып, елімізде іс-шаралар өткізіліп жатыр. Біз де, қыркүйек айында бірқатар іс-шараларды жоспарладық. Аталған іс-шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің бөлімде күнделікті және қызметтік-жауынгерлік әрекетте қолданылуын одан ары дамыту және насихаттау, әскери қызметшілерде мемлекеттік тілге деген құрмет сенімін қалыптастыру, әскери қызметшілердің тілді үйренуге қызығушылықтарын арттыру, – деді 3477 әскери бөлімі командирінің міндеттерін уақытша атқарушы, подполковник Рахат Калибеков.
Медициналық сақтық шараларын және әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып шара аясында «Тіл – достықтың кепілі» тақырыбында бөлімде және бөлімшелерде кітап көрмесі, ауызша оқулар өткізілді. Сонымен қатар «Мемлекеттік тіл – татулық тілі» тақырыбында қабырға басылымдары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар әскери қызметшілер арасында Қазақстан халықтарының тілдерін, мәдениетін, әдет-ғұрпын насихаттайтын «Тілге құрмет – елге құрмет» челленджі ұйымдастырылды. Аталған челленджді әскери бөлімнің әскери қызметшілері бір-бірінен қабылдап, тіл туралы өлеңдерді мәнерлеп оқыды.
Бөлімде барлық санаттағы әскери қызметшілердің қатысуымен «Тілге құрмет – елге құрмет» тақырыбында ақпараттық сағат және «Тіл – халықтар достығының негізгі факторы» тақырыбында Елбасы сағаты өткізілді. Ақпараттық сағат аясында тілдер мектебінің мұғалімі Роза Алиттиновна әскери қызметшілерге тілдердің даму тарихы мен халықтар достығы жайлы баяндап, тарихи мәліметтермен бөлісті.
– Ақпараттық сағат өте қызықты өтті. Өзіме пайдалы ақпарат алдым. Тарихқа, тілдердің тарихына қызығушылығым бар. Тіл – халықтар достығының негізгі факторы. Тіл мерекесі құтты болсын, – деді 3477 әскери бөлімі медицина қызметінің санитарлық нұсқаушысы қатардағы Айгерім Қабиденова.
3477 әскери бөлімінің бөлініс бастығы,
қатардағы А. Кенесова