Білім және ғылым

Білім министрі маңызды мәселені көтерді

Асхам Аймағамбетов маңызды мәселе туралы сөз қозғады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептегі білім мен әлсіз мұғалімдер проблемасын қозғады, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, президент өз жолдауында мектептердің білім беру сапасын арттыруды тапсырды. Осы міндеті орындау үшін біліктілігі жоғары мұғалімдерді даярлау жүйесін енгізу керек. Ал қолданыстағы жүйе, әсіресе, жоғары оқу орындарындағы білім сапасы жиі сынға алынады. Себебі оқу бағдарламалары ескірген, жас мамандардың тәжирібесі де дұрыс ұйымдастырылмайды. Бұдан тағы бір проблема туындайды.

"Бұл мамандықты "әлсіз" түлектер таңдап, университетке түсіп, диплом алған соң, мектепке жұмысқа орналасады. Мұндай "маманнан" сабақ алған оқушылар да "әлсіз" болады, мектептегі білімнің сапасы нашарлайды. Одан кейін осы оқушылар ЖОО-ға түседі. Нәтижесінде экономикаға әлсіз мамандар келеді. Міне, осы мысал мәселенің маңыздылығын көрсетеді", - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтің желідегі парақшасында.

Министр сөзіне қарағанда, бұрын педагогикалық мамандықтар бойынша грант жеңіп, оқуға түскен түлектердің орташа балы 60-65, ал шекті балы 50 болған. Оған қоса, педагогикалық мамандықты таңдағандардың арасында мектепті үздік бітіргендер немесе "Алтын белгі" иегерлері аз болды. Ал жыл сайын жоғары білім алып шығатын 40 мыңнан астам түлектің төрттен бірі ғана білім беру мекемелеріне мамандық бойынша жұмысқа орналасатын.

"Шынтуайтын айтқанда, жас мұғалімдердің біліктілік деңгейінің төмендігі университтердегі білімнің сапасыздығына ғана емес, сонымен қатар мұғалімдік қызмет тартымдылығының төмендігіне де байланысты. Әрине, бұл ауқамды мәселе кешенді түрде шешілуі тиіс", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Қазіргі кезде осы саладағы білім беру бағдарламалары жаңартылып, педагогикалық іс-тәжірибені ұйымдастырудың жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек мұғалім болып жұмыс істеуге кірісетін түлектердің дайындық деңгейін анықтайтын арнайы емтихан да жетілдірілуде. Биылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу үшін ең төменгі шекті балл 70-ке дейін көтерілді. Ал болашақ педагогтардың стипендиясы 42 000 теңгеге дейін өсті. "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды. 

"Осының нәтижесінде біз соңғы жылы дарынды жастардың педагог мамандығына деген қызығушылығының айтарлықтай артқанын байқадық. Конкурс нәтижесіне сәйкес, грант 8 506 түлекке тағайындалды. Оқуға түсушілер арасында "Алтын белгі" иегерлерінің қатары да көбейген – 1 565 адам (грантқа ие болғандар жалпы санының шамамен 20%-і), бұл өткен жыл көрсеткішімен салыстырғанда 1,7 есе көп", - дейді Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, өз жұмысына немқұрайлы қарайтын мұғалімдер де бар.

"Ондай мамандардың орнына қызметіне жауапты қарайтын әріптестеріміз келетін болады", - деді ол.