Weekend

"Мулан" фильмінде Қытайға алғыс айтқан "Дисней" сынға ұшырады

"Дисней" сынға ұшырады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Дисней" компаниясы жаңадан шығарған "Мулан" фильмінде Қытайға алғыс айтқаны үшін әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады. Қытайдың батысындағы Шыңжаңда миллионға жуық түркітілді байырғы халық өкілін (негізінен ұйғыр, қазақ, қырғыз т.б) еркінен тыс лагерьлерге қамағаны үшін Пекин жиі сыналып келеді.

Әлеуметтік желі қолданушылары фильмнің соңындағы титрларға назар аударған. Онда фильм авторлары үкімет құрылымдарына, оның ішінде Шыңжаңның арнайы қызметіне алғыс айтқан. "Дисней" алғыспен атап өткен мекемелер арасында Турфан қалалық округының қоғам қауіпсіздігі басқармасы да бар. Британдық BBC сайтының жазуынша, бұл ведомство қайта тәрбиелеу лагерьлерінің жұмысын бақылайды. Көптеген куәгерлер мен жұртқа жарияланып кеткен құпия мәліметтерге сәйкес, бұл лагерьлерде адамдарды азаптаған, еркінен тыс идеологиялық үгіт-насихат жүргізген.

"Дисней" өкілдері әзірге түсініктеме бермеді. Қытай билігі бұған дейін Шыңжаңдағы лагерьлер мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту үшін қажет деп мәлімдеген болатын.

"Мулан" фильмі осыған дейін де сынға ұшыраған. Оған түскен қытайлық актриса Лю Ифэй Гонконгтегі демократиялық шерулерді күшпен басқан полицейлердің әрекетін жақтап шыққаннан кейін кейбір Азия елдерінде фильмге бойкот жариялауды ұсынған.

2020 жылы шыққан негізгі фильмдердің бірі ретінде аталған "Мулан" фильмін "Дисней" 20 жыл бұрын мультфильм ретінде шығарған. Ол қартайған әкесінің орнына әскерге аттанған Хуа Мулан есімді қыз туралы қытайлық аңызға сүйеніп жасалған. Оны прокатқа шығару мерзімі коронавирус індетіне байланысты бірнеше рет шегерілді. Премьерасы 9 наурызда Голливудта өткен.

Азаттық радиосы