Экономика

Қашықтан оқытуға $70 млн жұмсалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды – Білім министрі

Білім министрі қашықтан оқытуға бөлінген ақша туралы айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов коронавирус жағдайында басталған жаңа оқу жылының алғашқы аптасын қорытындылап, дәстүрлі және қашықтан оқу форматы туралы айтты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Азаттық рухы сайтына сілтеме жасап.

Министрдің дерегі бойынша, бүгінде елімізде 2,6 млн оқушы қашықтан оқу форматында, 800 мың бала дәстүрлі форматта оқып жатыр.

«Кезекші сыныптарда 547 мың бала оқып жатыр. Бұл контингенттің 16%-ы кәдімгідей мектепке барып, сабақтарын жалғастырып жатыр деген сөз. 250 мың бала 180-ге жуық мектептерде дәстүрлі форматта оқып жатыр. Бұл контингенттің 7,3%-ы. Жалпы, оқушылардың 24%-ы дәстүрлі форматта оқып жатыр деп айта аламыз», - деді министр.

Еліміздегі шалғай ауылдарда орналасқан 7 мың мектептің 3 мыңы дәстүрлі форматта оқуды жалғастырып жатыр. Балабақшалар мен кезекші топтарға балалардың 30%-ы қатысып жатыр. 

«Оқыту үшін уақытша 435 мың компьютер берілді. Жақында 300 мыңнан астам мұқтаж азаматтарға таратылатын болады. Күніне орташа есеппен, 2 млн-дай сабақ жүргізіледі. Күн сайын онлайн-платформалардан 70-80 млн рет сабақтар қаралады. Қашықтан оқытуға 70 миллион доллар жұмсалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды», - деді министр.

Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мектеп оқушылары үшін жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан оқыту форматында жалғаса беретінін айтты.