Шымкент

Шымкентте "Еңбек" бағдарламасымен 600-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты

Жұмыспен қамту және кәсіпкерлік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінгі таңда Қазақстанда 695 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 424 мыңы еңбекке қабілетті жаста (61%), 112 мың адам жұмыс істейді. Қаңтар-мамыр айларында 6,5 мың мүгедектігі бар адам нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар құрамына қосылды. Олардың арасында шымкенттік азаматтар да бар.

Шымкент қаласында жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында 600-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылды. Оның 279-ы тұрақты жұмысқа орналасқан болса, 12-і әлеуметтік жұмысқа, 190 азамат қоғамдық жұмыстарға, 80 азамат инфрақұрылымдық жұмысқа жіберілген. Ал 29-ы жастар практикасы жобасы көмегімен алғашқы тәжірибе жинақтады. Бұл туралы қала әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы мәлімдеді.

Халықты жұмыспен қамту орталығы еңбекке қабілеті бар барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қызметтер түрін ұсынады. Атап айтқанда жұмыспен қамтуға ықпал ету, кәсіби даярлау, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға, жаңа бизнес-жоспарын дамытып грант алуға, арнайы жұмыс орындарын құру сынды қызметтер көрсетеді.

Жалпы І,ІІ,ІІІ топтағы мүгедектер жұмысқа жарамды анықтамалары арқылы жұмысқа орналаса алады. Оның І, ІІ топтағыларының толық емес жұмыс уақыты белгіленген, яғни 8 сағат емес 6-сағат жұмыс жасайды.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 38 124 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 3 681-і бірінші топтағы мүгедектер болса, 16 мыңнан астамы екінші топтағы мүгедектер, ал 12283-і үшінші топтағы мүгедектер.

Айта кету керек, биыл республикалық бюджеттен көру, есту қабілеті және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар жандар үшін 31 арнайы жұмыс орнын құруға 34,3 млн теңге қарастырылған.