Саясат
Ақпаратқа түсініктеме берілді
WhatsApp-та Алматыда Қытай ұшағы химиялық радиоактивті заттар шашып жүр деген аудиожазба таратылып жатыр. Бұған дәлел ретінде flightradar24 сайтынан жасалған скриншот ұсынылған. Суреттегі картада ұшақтың ұшу бағыты көрсетілген.
Қытай ұшағы зиянды заттар шашқаны туралы хабар жалған, деп хабарлайды Stopfake.kz.
Бұл ақпаратты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі растады.
"Qatar Airways әуе компаниясының тіркеу номері A7-BAL "Бейжің – Доха" бағытындағы тұрақты рейсі Боинг-777 әуе кемесімен 2020 жылы 13 қыркүйекте орындалды. Борт Қазақстанның әуе кеңістігіне RULAD нүктесі арқылы сағат 06:08-де кірді және сағат 06:46-да SULET нүктесі арқылы елдің әуе кеңістігінен шықты. Әуе кемесінің ұшу биіктігі 11 мың метрді құрады. Бұл рейс күн сайын орындалады", – деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар салалық ведомство бұл ақпаратқа неге сенуге болмайтынын түсіндірді.
"Мұндай биіктікте қандай да болмасын химиялық заттарды шашу мүмкін емес. Сондай-ақ, әуе кемесінің бұл түрі ондай жұмыстарды жүргізу үшін жабдықталмаған", - делінген хабарламада.
Ал суреттегі құбылыс - ұшақтан кейін қалатын конденсациялық із.
"Ол ауа райы ашық болғанда анық көрінеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл тұманнан немесе ұсақ су кристалдарынан туындаған "шлейф". Олар суға қарағанда баяу буланады, сондықтан ақ із аспанда ұзақ уақыт тұрады. Ылғалдылық неғұрлым жоғары болса, жолақтар соғұрлым ұзақ және айқын болады", - деп жазылған сайтта.
Еске сала кетсек, Қазақстанда ұшақтан белгісіз зат шашылады деген ақпарат бұған дейін бірнеше мрте жарияланды. Тиісті ведомстволар ол ақпараттарды да жоққа шығарды.