Алматы
Осындай мониторингтің арқасында мекеме 2020 жылдың жарты жылында 115 млн бюджет қаржысын үнемдеген
Алматы қаласының Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өз саласын қоғамды өзгертуге, халықпен бірігіп жұмыс жасауға көңіл бөлуде. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Нығмеджан Сапаров Antikor Live тікелей эфирінде айтты.
Мекеме басшысының айтуынша, Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік органдардың қоғаммен бірігуіне, оларға қызмет көрсетуге, мемлекеттік орган мен халық арасындағы сенім мен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағытталуда. Сондықтан қала аудандарындағы әкімдіктерден азаматтарға жедел әрі сапалы қызмет көрсететін арнайы, заманауи кеңселер мен орталықтар ұйымдастырылуда.
– Мұндай еркін алаңды сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің тікелей алдын алуға және оның пайда болуының кез келген түріне жедел жауап беруге арналған жемқорлыққа қарсы зертхана десек болады. Бұл дегеніміз – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру стратегиясына қоғам мүшелерінің кез келгені үлес қоса алады деген сөз. Азаматтар ашық кеңселерге келіп, жемқорлық әрекеттері жайлы дереу ақпарат беріп, бұл күрделі мәселемен күресуге белсенділік таныта алады. Бұл, әсіресе, белсенді қоғам азаматтары үшін зор мүмкіндік. Сондықтан біз Алматы қаласы мен еліміздің барша жауапты азаматтарын осы іске, жұмыс жасаудың жаңа форматына үн қосуға шақырудамыз, – деді Нығмеджан Сапаров эфир барысында.
Ал қоғамның жауапты, бұл мәселеге немқұрайлы қарамайтын азаматтарға мекеменің арнайы ситуациялық орталығы құрылған.
– Соның арқасында, бұқаралық ақпарат құралдары мен белсенді азаматтардың арқасында, біздің мекеме елдегі эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жасай келе, заңсыз сатылымға шығарылған 10 млн дана медициналық маска мен қымбат медициналық құрал жабдықтарды тапты. Олардың арасында ИВЛ аппараттары да бар, – дейді ведомства басшысы.
Осындай мониторингтің арқасында мекеме 2020 жылдың жарты жылында 115 млн бюджет қаржысын үнемдеген.
– Біздің мекеме бәріне ашық. Әкімдік жанынан ашылған кеңселерге келуге, әлеуметтік желіде немесе 1424 Call-орталыққа хабарласуға болады, – деді сөз соңында мекеме басшысы.