Bugin
Өлең
Не көрсем де өзімнен, өзім көрем,
Ар жолында шыдаймын төзімменен.
Үкілеген үмітке нүкте керек
Үтір болып қалмасын сезім деген.
Ұнатпадым демеймін, ұнап қалдың,
Атуы да тез екен бұл ақ таңның.
Көзімді ілмей түнімен жүрегімнен
Тек саған арналатын жыр ақтардым.
Ойламадым деп жалған сөйлемеймін,
Кездесуге шақырған келме мейлің.
Мен бәрібір өзіңді жолықтырып
Ерке Есілдің бойында еркелеймін.
Ұялған соң білемін қиындайсың,
Ұялшағым бағалы сыйымдайсың.
Анық менің жазылсаң тағдырыма
Басқаның бақытына бұйырмайсың.
Жазылмасаң айыпқа бұйырмайсың...
Жәнібек Салқынбек