Қоғам
Әйелін ұрып-соғатын ер адамдар 1 ай бойы жақындарымен кездеспеуі мүмкін
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Депутаттар отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған жәбірленушілерді қорғауды күшейту үшін полицейлердің қорғау ұйғарымын шығаруға қатысты өкілеттігін кеңейтуді ұсынып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жәбірленушімен және балалармен сөйлесуге, кездесуге және оларды аңдуға 30 күнге тыйым салынады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди бұл тетіктің қалай жүзеге асатынын түсіндірді. Айтуынша, енді отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі орын алған жағдайда, қорғау ұйғарымын шығару туралы шешімді жәбірленуші емес, учаскелік полицей қабылдайды.
Оқиға орнына келген учаскелік полицей құқықбұзушыдан бастап, отбасы мүшелерінен, көршілерден жауап алады. Содан соң білім, денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, жәбірленушілердің психикалық жағдайы зерделенеді.
"Бізде білім, денсаулық сақтау және ішкі істер министрлігі арасында қол қойылған бірлескен бұйрық бар. Ол жерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлі бағыттары бойынша критерийлер айқындалған. Учаскелік полицей соған сүйеніп қорғау ұйғарымын шығару туралы шешім қабылдайды", – деп түсіндірді Калайчиди.
Ол қорғау ұйғарымы 30 тәулікке берілетінін атап өтті. Ұйғарым бойынша құқықбұзушыға бір ай бойы ішімдік ішуге, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушілерге жақындауға және оларды аңдуға тыйым салынады.
Калайчиди қорғау ұйғарымын орындамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 461-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын айтты. Оған сәйкес, ішкі істер органы шығарған қорғау ұйғарымын бұзғандарға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.
Ішкі істер министрлігі келтірген статистикаға сүйенсек, осы жылдың 8 айы ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша 130 мың арыз түскен. Нәтижесінде 2,5 мың қылмыстық іс қозғалды, оның 30 мыңы – әкімшілік өндіріс. Ал қалғандары бойынша жәбірленушілер арыз-шағымын кері қайтарып алған.