Алматы
Агенттік жұмысының нәтижелері таныстырылды
25 қыркүйекте Алматы қаласының сервистік антикор-орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесін және бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдерін еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі новеллаларымен таныстырды.
Кездесу барысында Алик Шпекбаев сарапшыларға Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасының ажырамас бөлігі болып табылатын жемқорлыққа қарсы реформалардың үш пакеті жөнінде жан-жақты айтып өтті.
«Реформалардың бірінші пакеті биылдан бастап табысты іске асырылған бірінші басшылардың қол астындағыларының жемқорлығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылу мен отставкаға кету институттарына, сондай-ақ НҚА жобаларына жемқорлыққа қарсы сараптаманы қалпына келтіруге негізделді.
Таяуда ғана Парламент мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйлықтар беруге толық тыйым салуды, сыбайлас жемқорлық қылмыстар субъектілерінің аясын кеңейтуді, квазимемлекеттік және жеке секторларда комплаенс-қызметтер құруды қамтитын реформалардың екінші пакетін мақұлдады.
Агенттік қызметі осымен шектелмей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды кешенді және толыққанды енгізу мақсатындағы Президент реформаларының үшінші пакеті бойынша істерді белсенді атқаруда. Ең алдымен, бұл заңсыз баю үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу, қоғамдық бақылау туралы заңды әзірлеу, шенеуніктердің шетелдік юрисдикциялардағы банк шоттарын иеленуіне тыйым салу, судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін жемқорлық үшін жауапкершілікті қатаңдату», - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, шақырылғандарға Агенттік жұмысының нәтижелері таныстырылды. «Жүйелі пәрменді қылмыстық-құқықтық шаралармен қатар, біз мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүргізудеміз. Оның нәтижесі әртүрлі деңгейдегі 206 сервистік әкімдіктің, ауыл әкімдіктерінде 2000-ға жуық өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының, 1800-ден астам фронт-кеңселерінің іске қосылуымен айқындалды», - деп мәлімдеді төраға.
Өз кезегінде, жұртшылық өкілдері жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың өзекті мәселелері бойынша сөз сөйледі. Атап айтқанда, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның басшысы Е. Жовтис Агенттіктің мемлекеттік аппаратты институционалдық трансформациялау жөніндегі жұмысына оң баға беріп, қоғамдық бақылау туралы заң жобасының ойластырылған тұжырымдамасын әзірлеудің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Транспаренси Қазақстан құрылтайшыларының бірі Т. Қалеева Агенттік Төрағасының назарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы журналистік тергеулердің әлеуетін арттыру қажеттігіне аударды. Қордың атқарушы директоры О. Шиян сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тұрғысында мемлекет пен азаматтық қоғамның мақсаттары мен серіктестік қатынастарының бірлігі туралы мәлімдеді. Ол сондай-ақ Қордың 4 деңгейдегі бюджеттердің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жұмысын атап өтті.
БҰҰ, ОАӨАҮО, ЮСАИД, Сорос қоры, Дүниежүзілік банк өкілдері де өз пікірлерімен және нақты ұсыныстарымен бөлісті.
«Азаматтық қоғам институттарымен сындарлы серіктестікке сүйене отыра, Агенттік бір орында тұрмай, осындай өзара ынтымақтастық ауқымын үнемі кеңейтіп отырады. Біздің серіктестеріміздің ел ішінде, сондай-ақ одан тыс жерлерде де сараптамалық қолдау көрсетуі Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының толыққанды дамуына елеулі серпін беретініне сенімдіміз», - деп түйіндеді А. Шпекбаев.