Қоғам
2020-ның көктемі әлемдік карантиннен басталып, қаншама халық жұмыссыз қалды, жұмысын жалғастырғандар үй жағдайында жұмыс істеуге тура келді.
Содан бері жарты жылдан аса уақыт өтті. Бәрі бәз қалпына түсе қойған жоқ. Талай үй кеңсеге айналған.
Үйіне тек тамақтануға, ұйықтауға келетін азаматтардың өмірі сол үйіне байланды. Алайда үйде жұмыс істеу қаншалықты ыңғайлы, үй тірлігімен қалай алмастырып алмауға болады, үй жиһаздары алаңдатпайтындай қалай жағдай жасауға болады? Осы сұрақтар турасында айтып көрелік?
Кеңістік пен уақыт. Үйде жұмыс істеу үшін ең алдымен өзіңізге белгілі орын мен уақыт тағайындағаныңыз жөн. Және ол оырнға жұмыс уақытында ешкім өтіп кетпеуі тиіс. Ол үшін, әлбетте, өзіңізбен бірге тұратындармен (ата-ана, бауыр, жар) келісіп алу керек. Мәселен, кешкі 20:00-ге ешкім мазаламайтындай жұмыс істеу, одан кейін шұғыл жағдайда ғана кірісу.
Интернет. Бүгінгі заманда сапалы интернет болмаған жерде жұмыс та өнбейді. Сол себепті үйдің әр бөлмесіне тарап тұратындай сапалы Wi-Fi орнатқан жөн.
Ниет. Нотбугыңыз немесе компьютеріңіз дұрыс жұмыс істемесе, жұмыс істеуге құлқыңыз да қалмайды. Сол себепті жағдайыңыз жетсе, өзіңіз, жетпесе басшылықпен келісіп жақсы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін технологияны пайдаланған құп.
Тыныштық. Жұмыс уақытында үйдегілерден тыныштықты сақтауды өтіну керек. Тіпті қосылып тұрған телевизор, электронды поштаға тоқтаусыз келетін хаттар мен хабарламалар ойды бөледі. Кеңсе ішінде бұларға көңіл аудармауыңыз мүмкін, алайда үй жағдайындағы әр қимыл мазаңызды алады.
Ыңғайлылық. Үстеліңіз бен отырған орындығыңыз жайлы әрі ыңғайлы болсын. Үйде екенмін деп жатып алып жұмыс істеген өзіәңізге де, денсаулығыңызға да зиян.
Бой сергіту. Жарты сағат уақытыңызды бөліп, есік алдына шығып келіңіз немесе жаттығу жасауға арнаңыз. Энергияңызды қалпына келтіріп алыңыз.
Үйде жұмыс істеген , әрине, жақсы, алайда кеңсенің аурасымен алмастыруға болмайтынын ескерген жөн. Карантинді пайдаланып, үйде көбірек уақыт өткізген жақсы ғой. Алайда үй ішін 100% жұмыс орнына айналдырып алуға да болмайды. Үй отбасының жиналып, әңгімелесіп, тамақтанып, сағынысып көрісетін мерекелі орын, ал кеңсе табысыңызды ұсынып, біліктілігіңізді арттыратын берекелі орын.