Спорт

"Copa America - 2019". Жапония мен Катар құрамалары қалай қатыспақ?

"Copa America" турнирі Бразилияда өтеді

 

 

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Футболдан 2019 жылғы "Copa America" турнирі Бразилияда өтеді. Бір қызығы бұл жарысқа биыл Азия құрлығындағы Жапония мен Катар құрамалары да қатысады.

Оңтүстік Америка құрлығында футбол жарыстарын ұйымдастырушы CONMEBOL ұйымы сары құрлықтағы екі құраманы арнайы шақыртқан. Олар мұндай тәжірибені 1993 жылдан бері іске асырып келеді. Алғаш рет Мексика мен АҚШ құрамалары қатысқан. Одан бергі аралықта мексикалықтар 10 рет, америкалық футболшылар 4 рет "Copa America" турниріне қатысты. 

Арагідік Коста-Рика (5), Ямайка (2), Гондурас (1), Панама (1) және Гаити (1) құрамалары да бақ сынап келеді. Күншығыс елі де "Copa America" турниріне екінші рет қатыспақ. Алғаш рет 1999 жылы барып, топтық кезеңнен аса алмаған. Биыл топта (С тобы) Уругвай, Эквадор және Чили құрамаларына қарсы ойнайды. 2022 жылы әлем чемпионатын өткізетін Катар құрамасы болса алғаш рет қатыспақ. 

Олар Аргентина, Колумбия және Парагвай құрамаларымен бір топқа (В тобы) түсті. Жеребе бойынша "А" тобына Бразилия, Боливия, Венесуэла және Перу құрамалары түсті. CONMEBOL өзге құрлықтағы құрамаларды шақырту арқылы "Copa America" турниріне қызығушылық пен бәсекелестікті арттыруды жоспарлаған. 

Тіпті биылғы турнирге Еуропадан Испания, Франция, Италия мен Португалия құрамаларын да шақыртпақ болған. Бірақ ұйымның бұл жоспары жүзеге асқан жоқ. Келешекте бұл құрамалар да "Copa America" турниріне қатысып жатса, таң қалмауға болады. 

Оңтүстік Америка құрлығындағы биылғы доп додасы 14 маусым мен 7 шілде аралығында Бразилияда өтеді.