Қоғам
Бұған дейін куәгер ретінде жауап берген перинаталдық орталықтың санитары Светлана Козлова сотқа қайта шақыртылды
Бұған дейін куәгер ретінде жауап берген перинаталдық орталықтың санитары Светлана Козлова сотқа қайта шақыртылды. Адвокаттардың айтуынша, оның бұған дейін берген жауабында қайшылықтар бар. Сондықтан ординатор бөлмесі, босану залы, акушерлік құралдар өңделетін бөлме және ас үй орналасқан 5-қабаттағы бейнежазбаны қарау барысында қайтадан жауап алу керек деп санаған.
Сол күні Козлова ас үйде жұмыс істейді. Оның айтуынша, кешкі сағат 18.30-да акушер Жәмила Құлбатырова ас үйге кіріп, акушерлік құралдар өңделетін бөлмедегі жаңа туған нәрестеге қарауды сұраған. Құлбатырова шақалақты №1 босану палатасынан осы жерге алып келіпті. Бөлмеге екеуі бірге кірген кезде Козлова тірі баланы көреді.
"Балаға қарадым да, оның тірі екенін айттым. Неге оны жансақтау бөліміне апармағанын сұрадым", - дейді Козлова.
Оның айтуынша, бала есік жаққа қарап жатқан, ерні мен қол-аяғы қимылдайды.
Видеодан бөлмеде акушер Эльвира Насихатованың да болғаны көрінеді. Козлова оған назар аудармағанын, екі көзі балада болғанын айтты. Оның сөзінше, Насихатова кабинетте құралдарды тазалап тұрған.
Сот барысында Құлбатырова Козловадан "Саған баланың тірі екенін айттым ба?" деп сұрады.
"Жәмила апа, сіз ас бөлмеге келіп, нәрестені мәйітханаға жібере алмайтыныңызды айттыңыз. "Бала тірі ме екен, қарашы" дедіңіз. Мен сол жерге барып, баланың тірі екенін көрдім, неге реанимацияға жіберілмегенін сұрадым. Сіз баланың жүрегі тоқтап қалғанын, бірақ миы әлі жұмыс істеп тұрғанын айттыңыз. Мен үндеген жоқпын. Сіз бөлмеден Асқар Жәнібекұлын (Асқар Қайыржан - сотталушы, акушер-гинеколог) алып келу үшін шығып кеттіңіз. Баланың жаялығын ұстап көріп едім, ол жиырылды. Шамамен он минуттан кейін Асқар Жәнібекұлы келді. Оның артында тұрып, баланың тірі екенін айттым. Асқар Жәнібекұлы есікті жап деді, мен жаптым. Сіз өзіңіз де баланың тірі екенін көрдіңіз ғой", - деп жауап берді Козлова.
Ал акушер Құлбатырова мұндай әңгіме болмағанын, баланың қимылсыз жатқанын айтты.
Видеода Козлова есікті ішінен жауып жатыр. Ол сотта Асқар Қайыржанның неонатолог-дәрігерлерге қоңырау шалып, оларды шұғыл бала жатқан бөлмеге шақырғанын жеткізді. Әрі қарай видеодан неонатологтар Дариға Жұмабаева мен Руслан Нұрмұханбетовтың дәлізбен бөлмеге келе жатқанын көруге болады. Содан кейін Қайыржан біреуге қоңырау шалып, телефонмен сөйлесіп кетеді.
Сотқа қатысқан акушер Насихатова ол бөлмеден ешқандай баланы көрмегенін, құрылғыларды жуып, шығып кеткенін айтты.
Тағы бір видеода сағат 18.32-де бесінші қабатта Құлбатырованың №1 палатадан шығып, қолындағы затын тоңазытқышқа салып жатқаны түсірілген. Ал Насихатова 19:08-де сол бөлмеге кірген. 19:14-те ол жерге Козлова мен Құлбатырова кірген. Бір минуттан кейін Насихатова шығып кетеді.
Адвокат Мұқатановтың айтуынша, видеожазбадағы уақыт пен куәгерлер көрсеткен уақыт бір-біріне сәйкес келмейді.
Сотта адвокат Молдашева Козловадан "баланы тоңазытқышқа Құлбатырованың салғанын сізге кім айтты?" деп сұрады. Ол Эльвира Насихатованың айтқанын жеткізді.
Насихатова да оның сөзін растады.
"Құлбатырова ординатор бөлмесінде жүрген кезде өзі айтты. Бұл туралы кейін Козловаға ас бөлмесінде шай ішіп отырған кезде айттым. Ол жердегі қыздарға естігенімді айттым. Светаның (Козлова) болғаны анық, басқа тағы кімнің болғаны есімде жоқ", - деді Насихатова.
Сотталушы Қуаныш Нысанбаев Козловадан "нәрестенің тірі екенін сағат жетіде білсеңіз, екі жарым сағат бойы оның өмірін құтқармай, не істедіңіз?" деп сұрады. Ал Козлова бұл оның қолында емес екенін, неонатолог дәрігерлер құтқарады деп ойлағанын айтты.
Айта кетейік, оқиға 2019 жылдың 29 қыркүйегінде болды. Сол күні Атырау перинаталдық орталығында дүниеге келген нәресте қимылсыз жатқандықтан, дәрігерлер сәбиді өлі туды деп тіркеген. Алайда сәбиді тоңазытқыш камераға апарған кезде оның аяғы қимылдай бастаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, дәрігерлер құжатты түзетпеу үшін оны тоңазытқышта қалдыруға шешім қабылдаған.