Көзқарас

Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды

Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді Ғабит Мүсірепов

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ана - адам өміріндегі ең маңызды тұлға, ең аяулы, ең сүйкімді жан. Әке - өмірдің берік тірегі, асқар тау болса, ана – ағынды арнасы. 

Ана жүрегі сондай ыстық, мейірімді, ізгі жүрек. Баласы дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, алақанында аялап, нұрын шашып, ақ сүт беріп мәпелейді. Әрқашан бөбегін ұйықтатарда, бесік жырын арнап, ерекше сезім білдіреді. Ұйқыдан оянған сәбиін, қауырсыны қатпаған, балақ жүні жатпаған құс баласындай талпындырады. Отырса - жеңін, еңбектесе - етегін тесейді. Тісі шыққанда аузына ас салса, тілі шыққанда аузына сөз салады. Таза киім кигізіп, дәмді ас ішкізіп, «Қуанышым, көз нұрым, жұбанышым» - деп, көңілге медеу, қиялға қанат бтіреді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қуанышына, жеткен жетістігіне мәз болып, қайғысына күйінеді.

Ал бала - ананың асыл арманы. Бала тәрбиелеуде ана мен әкенің орны ерекше екенін білеміз. Сондықтан, бала болашағының жарқын болуы, оның салиқалы, тәрбиелі, сыпайы болып өсуі, тіпті, жаман болып бұзылуы, бәрі ата - анаға байланысты. Кейбір әкелер мен аналар балаларының көзінше не айтып, не қойғанын білмей, керек десеңіз бірін - бірі балағаттап, тіл тигізіп, одан қала берді қол жұмсайтын сәттерге дейін барып жатады. 

Ал ол жағдайларды көріп өскен бала, әлбетте, оны қайталайды. Сондықтан, балаға кері әсер ететін, бұндай жағдайлардан ата - аналар дер кезінде сақтануы қажет.

Жақсы ана - жанұяның тірегі, отбасының қуанышы. «Ана болмаса, ақын да, батыр да болмас еді. Бәрін де дүниеге әкелген – ана» деп, Максим Горький айтқандай, барлығы тек жанашыр аналарымыздың құрсағынан дарып, өсіп, дамиды.

Ананың барлық ізгі қасиеттерін аз ғана сөзге сыйғызып жеткізу мүмкін емес. Бұл өмірдегі ең қымбат, ең асыл, құдіретті «Ана» деген үш әріпті сөздің мағынасы - құдды бір мұхиттың терең тұңғиығындай. 

Барлығымыз аналарымыздың алдында жас сәбидей еркелеп, әрдайым ішкі жан дүниемізбен бөлісеміз. Ал бұл жалған дүниеде анадан артық ешкім жоқ . Аналарымызды барында бағалап, бізді қалай аялап өсірсе, дәл солай оларды күтіп, қарау - біздің алдымыздағы ең үлкен парыз. Төлеген Айбергенов жырлағандай:

«Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы».