Шымкент
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту
Шымкент қаласында қыркүйек айының басында қайта іске қосылған «Shymkent bike» велостанцияларынан бүгінгі күнге дейін тұрғындар 4 324 рет велосипед жалға алған.
Бұл жөнінде бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстармен танысуы кезінде белгілі болды.
Жобада 160 велосипеді бар 40 велостанция қарастырылған. Әзірге соның 31-і жұмыс істеп тұр. Қалған 9 станция алдағы уақытта іске қосылады.
Қыркүйек айының басынан бері 100-ге жуық абоненттік карта сатылса, 31 тұрғын өз картасын қайта қалпына келтіріпті. Сондай-ақ, 39 карта иесі абономент мерзімін ұзартса, 21 клиент қосымша баланс алған.
Пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы тарифтік жоспарлар әзірленген. «BIKE SHARING» жүйесі арқылы велосипедті алғашқы 30 минут тегін пайдалануға болады. Одан кейін тарифке сәйкес 1 сағат үшін -100 теңге, 2 сағат үшін – 250 теңге, 3 сағат үшін – 500 теңге, ал 3 сағаттан асса 1 000 теңгеден жұмсалады. Сонымен бірге 1 айлық абонемент – 2 500 теңге, 3 айлық абонемент – 6 000, 1 жылдық абонемент – 10 000 теңге тұрады. Айта кетейік, велостанциялар күннен қуат алады.
Мұрат Дүйсенбекұлы алдағы уақытта қалада веложеліні одан әрі дамыту жоспарланып отырғанын айтты. Осы мақсатта даниялық «Copenhagenize Design Co.» компаниясымен бірге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданған. Соған сәйкес, қалада веложеліні толық жетілдіріп, тұрғындардың пайдалануына ыңғайлы ету үшін 1500 велосипеді бар 200 велостанция салу қажеттігі анықталған.
Биыл Д.Қонаев даңғылы мен Ғ.Иляев, Ә.Жангелдин, А.Асқаров, А.Байтұрсынұлы және Түркістан көшелерінің бойына веложолақ салынып, кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.
Ребрендинг кезінде бұрын жиі пайдаланылмайтын 11 станция осы көшелердің бойына көшірілген. Істен шыққан велосипедтер жөнделіп, жаңартылған.
Тұжырымдамаға сәйкес, 2025 жылға қарай Шымкентте 110 шақырым веложолдар болады. Қазір оның жалпы ұзындығы 20 шақырымға тең.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі