Шымкент
Қалада 1 896 көп қабатты үй бар
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.
Қалада 1 896 көп қабатты үй бар. Соның 90 проценттен астамы жылыту маусымына дайын. Қалған тұрғын үйлерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде.
Қала әкімі, алдымен, әкімшілік-іскерлік орталықтағы жылу қазандығына барды. 2015 жылы іске қосылған қазандық 1124 шаршы метр аумақты алып жатыр. Онда мол жылу бере алатын BOSCH LOOS UT-HZ пештері орнатылған. Мұндағы отынның негізгі түрі — табиғи газ. Қазандықтың ең жоғарғы қуаттылығы — сағатына 163.5 Гкал. Ол көпқабатты 78 тұрғын үй мен 8 әкімшілік ғимаратқа жылу береді.
Мұнан кейін қала әкімі шаһардың оңтүстік бөлігіне жылу беретін «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамына қарасты қазандыққа ат басын тіреді. Бұл компанияның иелігінде 11,7 шақырым магистралды жылу құбырлары бар. Қазір қазандықта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылыту маусымына дайындық 1 қазанға дейін толықтай аяқталады.
Сондай-ақ, қала әкімі Сайрам тұрғын алабында орналасқан халықты көмірмен қаматамасыз ететін базаның жұмысымен де танысты.
Жалпы, қалаға жылу 11 қазандық пен 1 жылу-электрстанциясынан беріледі. Айта кету керек, қазір барлық 11 қазандық жөндеуден өтіп, алдағы қысқа тас-түйін дайын тұр. Ал, 17 сорғы станциясының 15-і (88%) дайын. Қалған 2 станцияда жұмыс 25 қыркүйекке дейін аяқталады.
Нысандардың жұмысымен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауапты азаматтарға белгіленген мерзімде тұрғындарды сапалы жылу энергиясымен қамтамасыз етуді тапсырды.
Қалада 479 бюджеттік мекеме жұмыс істеп тұр. Оның 271-і жеке қазандықтармен жылытылса, 208-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі