Шымкент
Тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану
Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаладағы өрт қауіпсіздігі және жылу беру маусымына дайындық барысы жөнінде өткен брифингте Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Н.Дербісов мәлімдеді.
– Қала аумағында 2020 жылғы жазғы өрт қауіпті кезеңі басталғалы бері ірі көлемде орман және дала өрттері тіркелмеді. Жалпы, жыл басынан бері 128 өрт оқиғасы болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға төмендегенін білдіреді. Ал жылу беру маусымында адамдардың улы газбен улануын алдын алу мақсатында 15 тамыздан бері өрт қауіпсіздік айлығы өтуде. Яғни қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, пештер мен жылыту құрылғылары тексерілуде, – деді Нұрболат Бекболатұлы.
Департамент басшысының айтуынша, түсіндіру жұмыстары кезінде 890 үйді аралап, 4005 адамға тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің талаптарыны туралы айтылған. Одан бөлек, 186 қатысушы қамтылған 5 жиын өткізілген.
Брифинг барысында баспасөз мәжілісіне қатысушылар арнайы түсірілген қысқа метражды бейнероликті тамашалады. Бұл бейнероликте тұрмыстық газ бойынша түсіндіру нұсқамасына бей-жай қараған тұрғын туралы түсірілген.
Айта кетейік, аталған ролик алдағы уақытта телеарналарда көрсетіліп, қазнетте таратылады.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы