Әлем жаңалықтары
Навальный улануына Путиннің қатысы барын айтты
"Бұл қылмыстың артында Путин тұрғанын мәлімдеймін, менде болған жағдайдың басқа нұсқасы жоқ", - деді Навальный.
Ол қорықпайтынын және Ресейге оралуды жоспарлап отырғанын айтты. "Менің енді міндетім - батыл болу және менде қорқыныш жоқ!", - деді ол.
Навальный уланғанда не сезгенін айтып берді. "Ешқай жерің ауырмайды, бірақ өліп бара жатқаныңды білесің", - дейді ол.
Осыған байланысты Мемлекеттік Думаның төрағасы Вячеслав Володин Навальныйды "ұятсыз және оңбаған" деп атады. "Путин оның өмірін қорғап қалды. Оған жасалған істі батыс мемлекеттерінің арнайы қызметтері ұйымдастырса, онда оның мәлімдемесі логикаға келеді. Оны ұшқыштар мен дәрігерлерден бастап президентке дейін барлығы шын жүректен құтқарды. Мұндай мәлімдемелерді тек арам адам жасай алады", - деп жазылған Володиннің сөзі Мемлекеттік Думаның сайтында.
Еске салайық, Навальный 20 тамызда ұшақта өзін жайсыз сезінгеннен кейін Омбыда ауруханаға түскен болатын. Зерттеу нәтижесінде, Омбы дәрігерлері зат алмасу бұзылғаннан қандағы қант мөлшері күрт өзгергенін хабарлаған еді.
Алайда кейін ол ұшақпен Германияға жеткізілді. ГФР үкіметі Навальный "Новичок" улы затымен уланғанын мәлімдеді.