Денсаулық
Білікті маман, білгір дәрігер Жеңісбек Ескабулов 75 жаста
Жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау, сірә. Дәрігер болу үшін адамға ем дарытып қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзіңмен дем беретін маман иесі де болуың керек.
Сол салаға күллі ғұмырыңды арнап, адал жүрекпен, шын көңілмен еңбек жасауың қажет. Сонда ғана халықтың сыйлысы, құрметтісі боласың. Мен білетін Жеңісбек Ешмұратұлы сондай азамат.
Өмірінің тең жартысын ақ халатта өткізген оның дәрігерлік қызметте жүргеніне, міне, 51 жыл толып отыр. Кейіпкеріміздің бұл салаға келуіне анасы себепкер болған екен. Өйткені, ауылда тұрған шағында анасы Фаузия ауыр дертке ұшырап, емдейтін дәрігер табылмағаны ағамыздың жанына қатты батса керек. Сол сәттен бастап ол дәрігер болуды алдына мақсат етіп қояды. Жеңісбек Ескабуловтың өмір, еңбек жолдарын зерделейтін болсақ, ол 1945 жылы 12 маусымда Өзбекстанның Бұхара облысы (қазіргі Науаи), Тамды ауданына қарасты Киров ауылында дүниеге келген. Бұл сәт Ұлы Отан соғысындағы жеңіспен тұспа-тұс келгендіктен нәрестенің есімін Жеңісбек атаған.
Кейіпкеріміздің оқуға түскенінің өзі бір бөлек оқиға. 1962 жылы мектеп тәмамдап, академик И.П.Павлов атындағы Самарқан мемлекеттік медицина институтына емтихан тапсырған. Жалғыз физика пәнінен «3» деген баға алғандықтан Жеңісбек Ешмұратұлы сынақтан өтпедім деп ойлап, оқуға түсіп тұрған жерінен ауылына қайтып кеткен.
Бір жыл бойы түйе үстінде кітап оқып дайындалған ол өзінің талпынысы мен жігерінің арқасында келесі жылы оқуына қайта тапсырып, ақыры студент атанады. Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген аталы сөз бар. Жеңісбек ағамыздың өз ісінің білгірі болып қалыптасуына ұстаздарының қосқан үлесі өте зор. Сонда 6 жыл білімі мен білігін шыңдап, дипломын қолға алған жас маман еңбек жолын Вабкент ауданындағы учаскелік ауруханадан бастайды.
Осылайша 40 жыл тынбай еңбек етіп, халықтың алғысын арқалаған дәрігер 2009 жылы Рудный қаласына қоныс аударады. Ол кезде де, қазір де, қалада білікті медицина мамандары тапшы. Сол себепті бейнетінің зейнетін көріп отырған Жеңісбек Ешмұратұлына емхана-ауруханалардан көптеген ұсыныстар түсе бастайды.
– Үнемі қозғалыста болып үйреніп қалғандықтан, ұсынысты қабыл алдым. Осылайша қаламызда, кейін Қашар кентіндегі ауруханада терапевт болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда «Евразия» медициналық орталығында қызмет атқарамын. Несіне жасырайын, науқастарды емдеуім жұмыс орнынан басталып, өз үйімде жалғасып жатады, – дейді дәрігер.
Туған-туыстары, таныстары, тіпті алыс қалалардан дертіне шипа іздегендер арнайы Жеңісбек Ешмұратұлының алдына келуі – оның білікті маман, білгір дәрігер екендігін дәлелдесе керек. Ол келгеннің бетін қайтармай, жылы қабақпен қарсы алып, ауруына бей-жай қарамайды. Аса ептілікпен ем жасап, науқастың аурудан айығуына бар күшін салған Жеңісбек ағамыздың кісі өмірі алдындағы жауапкершілігі өте зор. Өз кәсібіне адал жанның ғана бойынан табылатын бұл қасиеттер кейіпкеріміздің өз мамандығын бар жан-тәнімен сүйгенінің нақ белгісі деп есептеймін.
Биыл 75 жасқа толған Жеңісбек Ескабулов бүгінде бір ұл, екі қызынан 8 немере сүйіп отыр. Өз ұжымында, барлық әріптестері мен туғандарының арасында абырой-беделі асқақ ағамыздың бақыты да, мұраты да осы шығар.