Шымкент
Коронавирустың да, тұмаудың да қоздырғышы вирус
Бүгінгі таңда Коронавирус пандемиясының ауылы алыстар емес. Қалада Төтенше жағдай алынғанымен, карантин сақталуда. Сондықтан, мамандар ұсынып отырған қарапайым сақтық шараларына мән беріп, барлық талаптарды орындау маңызды болып отыр.
Бүгінде әлеуметтік желіде тұрғындардан көптеген сауалдар түсіп, қаладағы денсаулық сақтау басқармасының мамандары жауап беріп келеді. Бүгінге дейін түсіп үлгерген сұрақтарды саралай келіп, іріктелген алты сұраққа жауап іздеп көрдік. Осыған байланысты Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының жоғары санатты дәрігер-эпидемиологы Маширов Қожахмет Намазбайұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Симптомсыз коронавирус несімен қауіпті?
– Ешқандай симптомы жоқ науқастар да вирус таратуы мүмкін, біріншіден оларды медициналық тілмен айтқанда вирус тасымалдаушылар деп атайды, екіншіден ондай науқастар 14 күн бақылауда болуы керек, себебі 14 күн ішінде ғана аурудың белгілері байқалуы мүмкін.
– Ешқандай симптомы жоқ инфекция жұқтырған адам вирусты тарата ма?
– Симптомсыз коронавирустың ең қауіптілігі, ол адам өзінің де ауырғанын білмейді және өзінің айналасындағы адамдар (жанұя мүшелері, жұмыстағы әріптестері) және қоршаған ортаға таратып, күніне бірнеше адамға жұқтыруы мүмкін.
– Инфекция жұқтырған адам қай кезде аурудан айыққан болып саналады?
– Науқас толық емделіп шыққаннан кейін клиникалық белгілері толық жойылып, одан кейін алынған анализ нәтижесі теріс болған кезде толық айыққан боп есептеледі.
– Коронавирус пен тұмаудың айырмашылығы? COVID-19 дертінің симптомдары қандай?
– Коронавирустың да, тұмаудың да қоздырғышы вирус. Екеуі де инфекциялық жұқпалы аурулар. Бірақ қоздырғыш вирустары әртүрлі. Тұмау вирусы тек қана ауа тапшылығы жолымен жұғатын болса, коронавирус ауа тапшылығы және қатынас арқылы жұғады. Екінші ерекшілігі тұмаудың инкубациялық кезеңі 5-7 күн, ал коронавирустың бұл кезеңі 14 күнге созылады.
– Тұмауға қарсы салдырған екпе COVID-19 вирусынан қорғай ма?
– Жоқ, қорғамайды. Бір инфекцияға арналған екпе екінші бір инфекциядан қорғамайды.
– Вирус жұқтырудан қалай сақтануға болады?
– Қоғамдық орындарда міндетті түрде бетперде кию, қолды антисептик құралдарымен залалсыздандыру, арақашықтық сақтау және жеке бас гигиенасын сақтау қажет.