COVID-19

Елімізде 6 қазаннан бастап карантин ережелері қалай өзгермек?

Қазақстанда 6 қазаннан бастап карантин ережелері өзгереді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда 6 қазаннан бастап карантин ережелері қалай өзгереді? Бұл туралы Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

6 қазаннан бастап шетелден ұшып келгендердің ПТР әдісімен коронавирусқа тест тапсырғаны туралы анықтамасы болуы керек. Оны шекарадан өткенге дейін үш тәуліктен ерте емес уақытта алу қажет. Енді анықтамасы жоқ шетелдіктер Қазақстанға кіре алмайды. Анықтама болмаған жағдайда қазақстандықтар коронавирусқа зертханалық тексеру жүргізу үшін карантиндік стационарға екі тәулікке оқшауланады.

Карантиндік стационарға дейін тасымалдау әкімдер мен денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері мен олардың шетелден келген отбасы мүшелері де коронавирусты анықтауға тест тапсырады.

Бұл талаптар әуе қатынасы бар барлық елге қолданылады, елдерді санаттар бойынша бөлу бұрынғыдай емес.

Сондай-ақ 6 қазаннан бастап әр аумақтың бас мемлекеттік санитар дәрігері аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, шетелден келген жолаушыларды карантинге жатқызу туралы шешім қабылдауға құқылы.

Халықаралық әуежайларда әр рейстен кейін ұшақтар дезинфекцияланады. Жолаушылар арасында бір метр қашықтық болуы керек. Тіркеу кезінде міндетті түрде маска режимі сақталуы қажет.

Айта кетейік, жаңа қаулыға Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин де қол қойды. Құжатқа сәйкес, 6 қазаннан бастап залда 50 пайыздан аспайтын театрлар жұмыс істей бастады. Нысандар сайтта тіркелуі керек - infokazakhstan.kz.

Сонымен қатар 6 қазаннан бастап Алматыда автожуу, техникалық қызмет көрсету станциялары, шиномонтаждау, тұрмыстық техниканы жөндеу, аяқ -киім шеберханалары, химиялық тазалау, кір жуу орындарының жұмыс уақыты ұзартылды. Енді олар 10.00-ден 00.00-ге дейін жұмыс істейді.

Қаланың жеке тұрған ғимараттарында орналасқан қоғамдық тамақтану нысандары (асханалар, кофеханалар, дәмханалар және басқалар) енді 05.00-ден 00.00-ге дейін ұжымдық іс-шараларды өткізбей жұмыс істей алады, сондай-ақ көрсетілген уақытта алып кетуге және жеткізуге рұқсат етіледі.