Шымкент
Бизнес бастау
Мемлекеттік қолдаудың арқасында шымкенттік кәсіпкерлердің көбі өз бизнесін дамытуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар олардың әртүрлі бизнес-бастамалары мақұлданады. Мысалы, Жас кәсіпкер Сырлан Тәшімбетов сәндік құстарды өсіруге грант алды.
Сырлан есепші болып жұмыс істегеніне қарамастан, тотықұстар мен шымшықтарды кәсіби өсірушісі болып табылады. Көпжылдық хобби оған жақсы табыс та әкеле бастады.
- Барлығы алты жасымда әкемнің маған бір-екі тотықұс сыйлағанынан басталды, - деп еске алады Сырлан Тәшімбетов. – Ол кезде бұл экзотикалық құс еді. Біз оларға қалай қамқорлық таныту керектігін, қалай асырау керектігін білмедік те. Ал қазір интернетте көптеген ақпарат бар, - деп еске алады кәсіпкер.
Орта мектепте Сырлан қосымша ақша таба бастап, тағы екі тотықұс сатып алды. Оларды өсіріп баптады да, студенттік шағында ол құстарды сатумен айналысты. Кейін тотықұстар Сырланның өмірінде қайта пайда болып, ол оларды көбейту мақсатында асырай бастайды.
Өткен жылы Сырлан Тәшімбетов «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы жайлы естиді. Грант иесі атану мүмкіндігіне сенбесе де, тест тапсырып, бағын сынап көрмек болды. Нәтижесінде ол тесттен өтіп, үш апта бойы кәсіпкерліктің негіздерін оқиды. Көбі қаражатты наубайхана, ателье, мал бордақылау алаңдарын ашу үшін грант сұраса, Сырлан сәндік құстарға арналған көше қоршауларын сатып алуда мемлекеттен қолдау сұрады. Бизнес жоспарын құрып, оны қорғады. Комиссия мүшелері де сұрақ астына алған көрінеді, бірақ нәтижесінде ол қайтарымсыз 505 мың теңге көлемінде грант иегері атанды.
Бұл ақшаға бастаушы кәсіпкер екі үлкен көше торы мен бір кішкентай қысқы торға тапсырыс берді.
Енді Сырлан Тәшімбетов Шымкентте құстар саябағын ашуды, онда ересектер мен балаларға экскурсиялар және сәндік құстарды күту курстары ұйымдастырылса деп армандайды.