Қоғам
Қазақстанның тағы бір облысында карантин күшейеді
Жаңа қаулыға сәйкес, тамақтану орындары, дәмханалар мен ірі супермаркеттер жұмысы 21.00-ге дейін қысқарады.
"Жазғы алаңы бар, ашық аулада орналасқан, сондай-ақ ғимарат ішінде жұмыс істейтін, 30-дан аспайтын отыратын орны бар қоғамдық тамақтану нысандары 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Ішінде ұжымдық іс-шара, би алаңы мен үстелдерді біріктіруге тыйым салынсын", – делінген қаулыда.
Сонымен қатар қоғамдық көліктер сенбі, жексенбі күндері жұмысын тоқтатады.
"Адамдарды қоғамдық көлікпен тасымалдау қызметі бойынша сағат 6.00-ден 20.00-ге дейін бес минуттан аспайтын рейсаралық интервалмен қарбалас уақытта маршруттардағы көлік санын арттыруы тиіс", – делінген құжатта.
Қаулыға сәйкес, облыстағы спорт нысандары, фитнес орталықтар мен жаттығу залдарының жұмысы да тоқтатылады.
Азық-түліктен басқа барлық базардың жұмыс уақыты 16.00-ге дейін қысқарады. Той мен ұжымдық шараларға рейд күшейтіледі.
"Жергілікті полиция қызметі жасырын жүргізіп жатқан отбасылық, ұжымдық іс-шараларды, медициналық маскасыз жолаушылар тасымалдаған қоғамдық көліктерді анықтауға патрульдеу күшейтілсін", – делінген жаңа қаулыда.