Сараптама
Дата журналист деген кім?
Ақпарат кеңістігінің күннен күнге жаңаратындығы сондай, бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының сіз бен біз естімеген жаңа форматтары пайда болуда.
Әзірге аталмыш жаңалықтар шет елдерде етек алуда, ал біздің елімізде бір-екі жылдықтың аясында ғана қолданысқа еніп жатыр. Статистикалар мен түрлі графикаларды тоғыстырып, көп ақпаратты ықшам әрі жүйелі етіп жинақтайтын жаңа салалардың бірі – деректер журналистикасы.
Ендеше, осы тақырып төңірегінде сөз қозғап көрейік...
Қазіргі таңда деректер журналистикасы туралы дәріс беретін, әлемдік тенденциялардан қалыс қалмайтын медиа мектептер, онлайн курстар саны күннен күннен артып келеді.
Сондай мектептердің бірегейі болып табылатын CABAR Азия медиа-мектебінің журналисі Зульфия Раисованың пікірінше, деректермен енді ғана жұмыс істеп бастаған адам үш түрлі мәселеге тап болуы мүмкін. Біріншісі, деректер бар, бірақ әрекет жоқ, екіншісі, идея бар, деректер жоқ, үшіншісі, идея да, дерек те жоқ, бірақ уақыт тапшы. Мұндай кезде кез келген маманның тығырыққа тірелетіні хақ. Сонымен бізде сұрақ туындайды. Толық мәліметті қайдан алуға болады? Барлық құнды деректер цифрларда. Цифрлар арқылы болжамның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп, толық картина құрастыруға немесе керісінше болжамдарды цифрлармен байланыстырып, теориялық негіздеуге болады.
Егер сіз дата журналист болғыңыз келсе келесі кеңестерге назар аударыңыз. Сауатты жұмыс атқарып әрі уақытты үнемдеу үшін берілген деректердің ішінен өзіңізге нақты керегін ғана алыңыз. Мәселен, сізге берілген бес жылдық диаграммадан екі жылдың көрсеткіші ғана қажет болуы мүмкін.
Әрдайым деректер түпнұсқасын сақтап қойыңыз және дереккөзіне сілтеме қалдыруды ұмытпаңыз. Әр жасаған әрекетіңізден кейін жұмыс көшірмесін жасап отырыңыз.
Бұл сіздің қорытынды жасауда қандай қадамдардан өткеніңіз туралы ақпарат береді. Дегенмен, бұл да жеткіліксіз. Сараптамаға, аналитикаға да көңіл бөлу қажет. Бұл ақпараттың барлығын кімге және не үшін жеткізесіз, мұны да анықтап алған жөн.
Барлық деректер табылып, қорытынды жасалып, болжам ақталғаннан кейінгі ақтық қадам – мұның барлығын сауатты әрі визуалды әдемі етіп жеткізу.
Сонымен, деректер журналистикасы компьютер алдында біраз уақыт жоғалтып, сандарды есептеу емес. Ол қалыпты журналистика секілді, бірақ сұрақты адамға емес, сандарға қою, цифрларды сөйлету арқылы мәлімет алу.
Ал дата журналист мәліметтер негізінде мәтіндердің әр түрлі типтерін жасап, материалдың мазмұны, онда айтылған фактілерді сандық тұрғыдан дәлелдейтін маман.