Weekend
Алаяқтар танымал хабарландыру сайты арқылы банк карталарынан 2,5 миллион теңге шешіп алған
Бірнеше күн ішінде 50-ден астан адам алаяқтардың айла-шарғысының құрбаны болды. Ішінде өзін алдауға мүмкіндік бермеген сатушы олардың қалай әрекет еткенін айтып берді.
"Мен балалар арбасын сатқым келді. Шетелдік нөмірі бар бірнеше адам бірден хабарасып, ақшаны дәл сол сайт арқылы аударатындарын айтты. Олардың талабы бойынша банк картамның барлық дерегін, соның ішінде үш таңбалы кодты да толтыруым қажет болды. Сондай-ақ, шотта қанша ақша бар екенін көрсетуім керек деген ұсыныс жасады", – дейді әйел.
Үш таңбалы кодты білген соң алаяқтар адамдардың шотынан ақша шеше алады. Ал шотында қанша ақша бар екенін айту олардың бұл әрекетін жеңілдете түсті.
Кейінгі он күн ішінде дәл осындай шағыммен Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 50-ден астам адам келді. Олар алаяқтың арбауына түсіп, қомақты қаржыдан айырылып қалған.
"Талдау бойынша шығынға ұшыраған 50 адамның тең жартысы – үйіндегі жиһазын сатқысы келген зейнет жасындағы адамдар. Жалпы шығын 2,5 миллион теңгеден асады. Алаяқтар онлайн режимде интернет банкинг қызметі арқылы деректерді толтырып, банк шотын, депозит шотын көре алады", – деді Нұр-Сұлтан қаласы криминалдық полиция басқармасы бөлімінің бастығы Талғат Бөлегенов.
Қазақстандық полиция алаяқты табу үшін шетелдік әріптестерінен көмек сұрады. Алайда олар болашақта үш таңбалы санды ешкімге айтпауға шақырды.