Алматы

Жеті айда 240-қа жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды

Мемлекеттік қызметшінің міндеті - халық пен бизнес мәселелерін шешу

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Президенттің бизнесті қорғауды күшейту туралы тапсырмасын іске асыру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде төрағаның бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің төрағалығымен кеңес өтті.

Кеңеске Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Рустам Жүрсінов, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Шыңғысхан Сауранбаев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев, бейнеконференция байланысы арқылы өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, Агенттіктің аумақтық департаменттерінің, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Ағымдағы жылдың 19 тамызында Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте бизнес пен инвесторларды жемқорлық қысымынан қорғауды күшейтуді тапсырғаны белгілі.

Сондай-ақ, Президент өзінің жыл сайынғы жолдауында Қазақстанның жаңа экономикалық бағытының негізгі қағидаттарының бірі ретінде жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлін айқындап, мемлекеттік органдар тарапынан бизнес пен инвесторларға қатысты тексерулердің шексіз санын қысқарту қажеттігін атап өтті.

Осы бағытта Агенттік бизнес пен инвестицияларды қорғау бойынша «Protecting business and investments» жобасын іске асыруда.  Жобаның мақсаты – қолайлы инвестициялық ахуал жасау, қызметтерін жемқорлыққа қарсы қолдау көрсету арқылы бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру.

Негізінен, кәсіпкерлер жүгінетін проблемалық мәселелер инвесторлық виза алу, шетелдік жұмыс күшін тарту, лицензия алу, сараптама беру, салық салу, кедендік баждар, жоспардан тыс тексерулер мен жер қатынастарына қатысты.

– Бүгінгі таңда Агенттік жалпы инвестиция сомасы 12 трлн теңгеден артық 500-ден астам бизнес-жобаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау көрсетеді. Олардың жүзге жуығы, яғни жобалардың 20 пайызы – шетелдің қатысуымен іске асырылады, – деді Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.

Айта кету керек, 2020 жылдың 7 айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған қылмыстық-құқықтық шаралармен 240-қа жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалды.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов жұмысты жандандыру үшін инвесторлармен кері байланыс қажет екеніне назар аударды:

– Қазір және болашақта бизнес ортада қандай проблемалар туындауы мүмкін екенін білу маңызды. Анықталған әкімшілік тосқауылдарды жүйелі шешу үшін оларды проблемалар тізіліміне енгізу қажет, – деп атап өтті ол.

Іс-шара соңында Олжас Бектенов қатысушыларды өзекті мәселелерді ескере отыра, жұмысты жандандыруға және оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдауға шақырды.

– Елдің әл-ауқаты бизнестің дамуына байланысты екенін жете түсіну керек. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлікті нығайту және кеңейту үшін қолайлы жағдай жасау. Мемлекеттік қызметшілердің ойлау құрылымын өзгерту қажет. Мемлекет – бұл бірінші кезекте сервис. Біз халық пен бизнес мәселелерін шешу үшін жұмысқа жалдандық, – деп түйіндеді О.Бектенов.