Bugin

Табиғат ананы қорламайық...

Таза болса табиғат, Аман болар адамзат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазір аяқ аттап,бір жаққа шықсақ, шашылып жатқан қоқысты көруден көз ашпаймыз. Табиғатқа деген немқұрайлық, барған сайын күшейіп бара жатыр. 

Енді бір сәт ойланып көрейік. Табиғатсыз, адам баласы қалай өмір сүретін еді? Сусыз, тамақсыз, жеміс-жидек, тау, бау-бақша осыларсыз, өміріңізді елестетіп көре аласыз ба? Әрине-жоқ! Бұларсыз адам, бір минут та өмір сүре алмайды. 

Табиғат бізге қаншама жақсы нәрселер беріп жатыр,ал біз табиғатқа не бердік? Адам баласы табиғатты қоқыстандырып, ластағаннан басқа ештеңе беріп жатқан жоқ. Елімізде көптеген демалыс, табиғат орындары бар. Солардың біріне бара қалсаң, шашылған бөтелке, пакет, ішкен-жеген дүниелердің қалдықтары, от жаққан орын, шашылған қоқыстарды көреміз. Оны біреуі байқаса, енді бірі байқамаған кейіп танытып жүр. Қарап отырсақ, адам баласы бәрін, керісінше істейді. 

Таза табиғат арқасында адам баласы сау да, салауатты өмір сүреді. Мұны да біреуіміз түсінсек, біреуіміз түсінбейміз. Өз денсаулығымызға өзіміз зиян келтіріп жүрміз. Табиғатқа шыққан әрине дұрыс. Алайда бұл табиғатты барып өз қолыңмен ластап қайт деген сөз емес. Адам адамнан үйренеді. Тым құрығанда, бір адам өз қоқыстарын жинап кетсе, оны көрген келесі адамдар да дәл соны қайталайды. Ал қазір біреуіміз қоқыс шашып кеткенімізді көріп, келесіміз дәл соны қайталап жүрміз. Жаққан от, шашылған қоқыс шіріп, иістеніп ауаға тарайды. 

Ауа ластанады, тап-таза ағып жатқан суға қоқыс тастаймыз, су ластанады. Ауа, су адам өмірінің бір бөлшегі. Онсыз біз өмір сүре алмаймыз. Міне, өз-өзімізге зиян келтіріп жатырмыз. Неге өз қоқысымызды өзіміз жинап жүрмеске?! 

Сенбілікке шығып өз аулаңды болса да қоқыстан тазаламасқа! Бақшаңа көшет отырғызып, оны баптамасқа! Әлемдегі түрлі технологиялық жетістіктерге жетіп жатқан адам баласы. Адамның қолынан келмейтін дүние жоқ. Түрлі жаңалықтарды ашып, жаңалық жаңартып жүрген де адам. Бәріне жеткен күшіміз, табиғатты аялауға жетпей қалғаны,таңқаларлық! Табиғатты-анаға балап жатамыз. Сіз анаңызға, өз қолыңызбен қиянат жасар ма едіңіз? Жоқ. Алайда табиғат ананы-ешкім аяп жүрген жоқ.

Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ,

Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ.

Бір қателіп жасап қойсақ,анамыздан сөз естіп, тіпті таяқтың да дәмін татып аламыз. Ал табиғат ана, өзінің қорланғанын, айтатын әттең, тілі жоқ.

Табиғаттың тазалығы, табиғаттың саулығы - адам баласының салауатты өмірінің кепілі. Өз өмірімізге, өзіміз зиян келтірмейік!